Мәжіліс агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға арналған заң жобаларын мақұлдады

Primary tabs

Қар 24, 2020 / 0 комментарии

Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтіп, онда еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған заң жобалары мақұлданды.

Осы ретте, депутаттардың бастамасымен әзірленіп, мақұлданған «Астық туралы» заң жобасының маңыздылығы туралы айтқан Нұрлан Нығматулин: 

- Соңғы кезде пандемияға байланысты көптеген мемлекеттер  шектеу режимдерін енгізді. Сауда-экономикалық байланыстар азайды. Бұл жағдай,  әрине,  азық-түлік  мәселесіне де әсер етеді. Ал,  астық мәселесі – ол  бірінші  кезектегі әлеуметтік сұрақ. Сондықтан, осы заң жобасында қаралған астық қорларын сақтауды мемлекеттік қамтамасыз ету, осы саладағы оператордың мәртебесін анықтау туралы нормалар  өте   маңызды, бүгін өте керек нәрсе, - деді.



Аталған заң жобасы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған, төтенше жағдай енгізілген кезде елді азық-түлік астығымен кепілді түрде қамтамасыз ету, сондай-ақ «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының мәртебесі мен рөлін заңнамалық тұрғыдан айқындау мақсатында әзірледі.

Бұдан басқа, заң жобасында ұсынылып отырған жаңалықтар мал шаруашылығы мен құс шаруашылығы салаларына арналған жемшөп базасын дамытуға, сондай-ақ тұқымдық және жемдік қорларды қалыптастыру арқылы жоғары сапалы тұқымдар өндірісінің көлемін ұлғайтуға бағытталған.

Сонымен қатар бүгінгі отырыста депутаттар ветеринария мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобасымен ветеринариялық паспортты электрондық форматта беру бойынша мемлекеттік қызмет көрсету мүмкіндігі іске асырылып отыр. Көрсетілетін қызметті автоматтандыру, бұрын қағаз форматта дайындауға жіберілетін бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді, адами фактордың әсерін жояды, осы құжатты беруді жеңілдетеді және алуды тездетеді.

Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасаудың алғышарттарын барынша азайту мақсатында заң жобасында мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторларға мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау жүргізу кезінде фото және бейнетүсірілімді жүзеге асыруға, сондай-ақ техникалық құралдарды (жабдықтарды, аспаптарды, өлшеу құралдарын, құрылғылар мен құралдарды) пайдалануға құқық беру ұсынылуда. Бұдан басқа, кеден заңнамасына өзгерістер көзделіп отыр. Оған сәйкес Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасында мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын кеден органдары мен мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлар мен өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлардың өзара іс-қимыл жасау тәртібі Қаржы және ауыл шаруашылығы министрлерінің бірлескен актісімен айқындалатын болады.

Агроөнеркәсібін дамытуға бағытталған заң жобаларының қатарында «Мақта саласын дамыту туралы» Қазақстан Республикасы Заңының күші жойылды деп тану және Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.     

Заң қолданыста болған 13 жыл ішінде мақта қолхатын мақта өңдеу ұйымдары бірде-бір рет бермеген әрі банктер кепілдік қамтамасыз ету ретінде бірде-бір рет қабылдамаған. Осы себептен заңнамада көзделген мақта қолхаттарын қамтамасыз ету жөніндегі жүйе саланың субъектілері арасындағы кедергі болып табылады. Ал бұл өз кезегінде саладан инвестициялар мен ақша қаражатының кетуіне және оның барлық негізгі көрсеткіштерінің төмендеуіне алып келеді.

Саланың тоқырауын туғызатын проблемалар мақта өсірушілердің, уәкілетті мемлекеттік органдардың, жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері мен Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының қатысуымен әртүрлі диалог алаңдарында бірнеше рет талқыланды. Барлық дерлік мүдделі тараптар саланың тартымды болмауы оның шамадан тыс әрі тиімсіз реттелуінен туындап отыр деген пікірге тоқтады.

Осыған байланысты, саладағы проблемаларды заңнамалық тұрғыдан шешу мақсатында Парламент депутаттары осы заң жобасын әзірледі. Онда бір мезгілде қолданыстағы заңнаманың нормаларына тиісті өзгерістер енгізе отырып, салалық заңның күшін жою арқылы мақта қолхаттары жүйесін қайта реттеу ұсынылады. Сонымен қатар, мақта қолхаттарын шығара отырып, қойма қызметі бойынша қызметтер көрсету жөніндегі мақта өңдеу ұйымдарының қызметін лицензиялау алып тасталады.

Бүгінгі отырыста депутаттар бірқатар ратификациялық заң жобаларын мақұлдады. Олар Қазақстан мен Азия Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімдер (COVID-19-ға қарсы күрес жөніндегі белсенді шаралар мен шығыстарды қолдау бағдарламасы).

Сондай-ақ, ратификацияланған құжаттар қатарында Еркін сауда аймағын құру туралы келісімге қатысушы мемлекеттердің арасында тасымалданатын   тауарларды кедендік  ресімдеудің  және   кедендік   бақылаудың   тәртібі   туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама бар.

Жалпы отырыста Палата екінші оқылымда «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» және Мемлекет басшысының Жолдауында жекелеген ережелерін іске асыру мәселесіне қатысты  заң жобасын мақұлдады. Сондай-ақ, депутаттар Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және Экономикалық өсуді қалпына келтіру мен  Орталық және жергілікті мемлекеттік органдар арасында ауызсумен жабдықтауды субсидиялау жөніндегі өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелеріне қатысты заң жобаларын екінші оқылымда мақұлдады. Сонымен қатар Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстеріне қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту және Кедендік реттеу туралы заң жобалары да екінші оқылымда мақұлданды.

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар Салық кодексі мен  «2021 – 2023   жылдарға  арналған   республикалық  бюджет  туралы» заң жобасына Сенат енгізген өзгерістер мен толықтыруларды қарады.

Сондай-ақ, Палата «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасымен жұмысты жалғастыру жөнінде бейінді комитеттің ұсынысымен келісті.

Бүгінгі жалпы отырыста Мәжіліс «Өлім жазасының күшін жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екінші Факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу үшін Палатаның Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне жаңа ратификациялық заң жобасы бойынша қорытынды дайындау мерзімін тағайындады.  

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары А.Мурадов, Д.Мыңбай, Б.Дүйсембинов және А.Қоңыров мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады.