Наурыз айында азық-түлік бағасы қайта қымбаттауы мүмкін
Primary tabs
Қазақстанда күнбағыс майының бағасы 20 пайызға дейін қымбаттауы мүмкін. Сатушылар онсыз да қымбат өнім наурыз айынан бастап өз құнын тағы да арттырады деп болжап отыр. Бұл туралы Kaskelen.kz "КТК" арнасына сілтеме жсай отырып хабарлайды.
Сатушыларға күнбағыс майының құны 20 пайызға өсетінін дилерлер алдын ала ескертіп қойған екен.
"Біз бағаны шарықтатып жатқан жоқпыз. Бізге солай әкеліп жатыр. Литрі 500-600 теңгеге келеді, мен 650 етіп қоямын. Бізге 10 наурызда тағы қымбаттайтынын айтты", - дейді сатушы Гүлнәр Нұрымова.
Ал тұрғындар болса, онсыз да бағасы шарықтап тұрған күнбағыс майын сатып алуда үнемдеуге мәжбүр болып отырғандарын жасырмайды.
"Мен ең төменгі зейнетақыны аламын. Мен өзіме бес литр күнбағыс майын 4500 теңгеге сатып ала алмаймын. Үнемдеуге тура келеді. Десе де жетпей жатады", - дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Балкенже Бошаева.
Тараз қаласының тұрғындары да бағаның көтерілгенін айтып отыр. Мұнда күнбағыс майының бір литрі 700 теңгеге дейін жеткен. Сол себепті, тұрғындар әлеуметтік дүкендерді жағалауға мәжбүр.