Павлодарда нәресте дүниеге келген соң төрт күннен кейін көз жұмды
Primary tabs
Павлодарда жаңа туған нәресте төрт күннен кейін көз жұмды. Бұл туралы оның әпкесі айтты. Оның сөзінше, жақынының жүктілігі қалыпты жағдайда өткен. Алайда босану сәті ауыр өткен деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Павлодарлық келіншектің шағымы Instagram желісіндегі zhaloby_pavlodar тобында жарияланды. Әйелдің айтуынша, келіні бірінші қалалық аурухананың босану бөлімінде босанған. Босану сәті қиын болғанымен, нәресте мерзімі жетіп дүниеге келген.
"Ешқандай шағым болған жоқ, келін дәрігердің қабылдауына үнемі барып, барлық анализдерді уақытында тапсырып отырды. УЗИ нәтижесі бойынша сәбидің салмағы 3334 грамм болған. Салмағы 5200 грамм қыз бала дүниеге келді.
Мен Павлодардағы № 1 қалалық аурухананың босандыру бөлімінің дәрігерлері мен акушерлері босандыру сәтіне жауапсыз қарады деп санаймын. Перзентханада УЗИ жасалмады, консилиум болмады, оған кесар тілігі жасалмады", - дейді көз жұмған сәбидің әпкесі жағдайды сипаттап.
Әйелдің сөзінше, кей сараптама жаңа туған сәбидің дүниеге келген кезде жарақат алғанын көрсеткен және сол жарақат оның өліміне себеп болған. Енді әйел босандыру бөлмесінің қызметкерлерін жазалауды талап етіп отыр. Бұл жайтқа қатысты Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасы пікір білдірді. Ведомство ең алдымен жаңа туған нәрестенің туыстарына көңіл айтты. Сонымен қатар, сәбидің өліміне қатысты қызметтік тергеу басталғандығы хабарлады. Оның нәтижесі бойынша тиісті шара қабылданатынын атап өтті.