Павлодарлық әйел перзентханада ауысып кеткен қызы туралы шындықты 27 жылдан кейін білді
Primary tabs
Павлодар перзентханасында екі баланың ауысып кеткені туралы оқиғаны Светлана Педченко есімді әйел баяндады. Әйел сотқа жүгініп, ауруханадан моральдық шығын ретінде 20 миллион теңге өтемақы талап еткен деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Басылым дерегінше, 1993 жылы Павлодардағы №2 қалалық ауруханада әйел қыз бала босанған. Сол уақытта онымен бірге палатада тағы бір әйел жатқан. Екі сәби 20 минут аралықпен өмірге келген. Светлананың айтуынша, жаңа туған нәрестелерді бір жерде жөргектеген. Дәл сол кезде медицина қызметкерлері шатасып кеткен болуы мүмкін. Қыз бала жанұясындағы үлкен ұлынан сыртқы келбеті жағынан ерекшеленген, бірақ әйел оған аса қатты мән бермедім деп отыр.
"Ұлым ашық реңді, көзі көк, ал маған көздері қара, өзі де қара торы қызды берді. Күйеуімнің шешен ұлтына қатысы болғандықтан, ол менің қызым емес деген ой мүлде болмады", - деді Светлана Педченко өңірлік Ирбис телеарнасына.
Ерлі-зайыпты өтемақы ретінде 20 миллион теңге талап еткен. Екінші отбасы сотқа жүгінбеді. Ал отбасы қазір Ресей Федерациясының аумағында Новосибирск қаласында тұрады.