Петропавлда көшеден табылған екі жасар баланың анасы анықталды

Primary tabs

Мау 16, 2021 / 0 комментарии

Петропавлда жедел қызметкерлер 14 маусым кешкісін көшеден табылған баланың анасын анықтады деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 24 жастағы келіншек 20-ықшам аудандағы құрбысының үйінде болған. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қала тұрғыны Петропавл полиция басқармасына жеткізілген. Айтуынша, ол баланы Жұмысшы кентіндегі таныстарының үйіне қалдырып, құрбысына кеткен.

"Оны кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу немесе оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау" бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін материал жиналды", - дейді ювеналдық полиция бөлімінің бастығы Эльмира Абушева. Ол келіншектің есепке қойылғанын да атап өтті. Жиналған материалдар кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның қарауына жіберілген. 

Еске салайық, осыған дейін 14 маусым күні кешкі сағат 20:00 шамасында Петропавлдағы Жұмысшы кентінен жасы шамамен екі жасар бала табылғанын жазған едік. Полиция мен еріктілер қала тұрғындарынан сәбидің туыстарын табуға көмектесуді сұраған болатын. Жекеменшік сектордың көшелерімен кетіп бара жатқан жалғыз баланы жергілікті тұрғын байқап қалған екен. Ол құқық қорғау органдарына жүгініп, баланы патрульдік полиция батальонының қызметкерлеріне тапсырған. Тәртіп сақшылары бүлдіршінді тамақтандырып, киімін ауыстырған.