Президент сайлауы әділ өтті ме?
Primary tabs
9 маусымда елімізде Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы өткені белгілі. Президеттікке үміткер ретінде 7 кандидат тіркелді. Ресми мәлімет бойынша 12 миллион қазақстандық сайлауға қатысқан. Еліміз бойынша 9970 сайлау учаскесі ашылды. Ал шетелде барлығы 64 сайлау учаскесі жұмыс жасады.
Бұл еліміз үшін аса маңызды тарихи күн болды. Сіз бен біз президент сайлауына қатысып, өзіміздің конституциялық құқығымызды пайдаланып, дауыс бердік.
Бұл күні Қарасай ауданы бойынша 101 сайлау учаскесінде сайлаушылар дауыс берді. Каскеленкз түсірілім тобы да ауданымыздың бірнеше сайлау учаскесінде болып, сайлау барысымен танысты.
Қаскелең қаласындағы Орталық кітапханада орналасқан №424 сайлау учаскесінде адамдардың қарасы қалың. Дауыс берушілердің жоғары белсенділігі байқалды. Мұнда екі жарым мыңға жуық адам келіп, өз таңдауын жасайды деп жоспарланған.
Ал аталған учаскеде сайлау барысын бақылап отырған бақылаушылар мұнда бәрі тыныш өтіп жатқандығын айтты.
Ауданымызда сайлау процессі оқыс оқиғаларсыз өткенімен, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында жүздеген адамдар наразылық шарасына шықты. Полиция сайлау мен үкімет жұмысына қарсылық танытқан шерушілерді күшпен таратты.
Ішкі Істер Министрлігінің хабарлауынша, Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы наразылық кезінде 500-ге жуық адам ұсталып, полиция бөлімшесіне жеткізілген. Бұл туралы Нұр-Сұлтанда Орталық сайлау комиссиясында өткен брифинг кезінде ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев мәлімдеді.
Оның сөзінше, "екі қалада радикал пікірдегі адамдар заңсыз митинг ұйымдастырып, қоғамдағы тыныштықты бұзбақ болған". Министрлік өкілі митингіге қатысқандарды "арандатушылар" деп атап, олардың заң алдында жауап беретінін айтты.Сондай ақ ол полицияның әрекетін заңға сай деп сипаттады. Мұндай бас көтерулер Шымкент қаласында да болған. Қазақстандықтардың наразылық акциялары 10 маусым күні де жалғасын тапты.
Нақтырақ айтар болсақ, Алматыда кешкі сағат 18.00 шамасында Момышұлы - Рысқұлов көшелері қиылысындағы Алатау театры маңына жиналған 50-60 шақты адамды полиция ұстады. Олардың арасында айтыскер ақын Ринат Зайытов, режиссер Еркін Рақышев та болды. Ринатты халық алдында сөйлеп тұрған жерінен алып кетті. Оларды полиция санкцияланбаған митингіге қатысқаны үшін ұстады.Айтыскер сайлау әділ өтпегені туралы айтып, наразылық танытқан.
"Зайытов полицияға Алатау ауданындағы санкцияланбаған митингіге қатысқаны үшін жеткізілді. түсіндіру жұмыстарынан кейін Зайытов үйіне жіберілді", - деді полициядағылар.
Алайда Зайытовпен кездестіруді талап еткен танымал тұлғалар мен қарапайы халық Ринат босатылмағанша, үйлеріне қайтпайтындықтарын жеткізді.
Кейін Ринаттың үйінде екені хабарланды. Алайда олар сонда да тарқамады. Жиналғандардың алдында жауапкершілікті сезінген Ринат Зайытов полициямен қауымның алдына жеткізілді. Ол сол жерде халықты заңды бұзбауға және құқық қорғау органдарының айтқанын істеуге шақырды.
9 маусым күні елорда уақытымен 20:00-де еліміздің басым аумағында сайлау учаскелері жабылды. Уақыт белдеуіне байланысты Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Атырау және Қызылорда облыстарында сайлау учаскелері астана уақытымен 21:00-де жұмысын аяқтады.
Орталық сайлау комиссиясы сайлаушылардың дауыс беруге келуінің алдын ала қорытындысын жариялады. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың сайлау комиссиялары ұсынған мәліметіне сәйкес, сайлаушылардың 77,4 пайызы дауыс берген.
Дауыс беруге келген сайлаушылар саны жағынан өңірлер арасында Алматы облысы – 89%, Ақтөбе облысы – 84,9%, Шығыс Қазақстан облысы – 84,9% көш бастады.
Айта кетсек, 2015 жылы өткен президент сайлауында өз таңдауын сайлаушылардың 95,22 пайызы жасаған.
Ал Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау учаскесіне дауыс беру басталған соң бір жарым сағаттан кейін келген. Ол "Астана Опера" театрындағы сайлау учаскесінде дауыс берді. Тоқаевтың бюллетені урнаға бірден түспей, екі ортада қалып қоя жаздады. Бірақ кандидат дауыс беріп кеткен соң, бюллетень урнаның түбіне түсті.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан қаласында Президенттікке үміткер ретінде тіркелген басқа да кандиттар сайлау учаскелеріне барып, өз таңдауларын жасаған.
Елбасы, Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та өзі тіркелген сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді.
Ссайлау кезінде кейбір учаскелерде заңсыздықтар орын алғаны туралы видеожазбалар әлеуметтік желіде кеңінен тарады. Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы кезінде сайлау учаскесінде бір сайлаушыға бес бюллетень берілгені анықталды. Бұл туралы Бас прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің басшысы Сапарбек Нұрпейісов мәлімдеді.
Нұрпейісов жалпы сайлау процесі республикада бірқалыпты өткенін айтты. Азаматтардың құқықтарын өрескел бұзу фактісі тіркелмеген. Десе де, оның айтуынша, сайлау заңнамасын бұзатын 19 жайт анықталған. Осындай заң бұзушылықтар туралы Орталық сайлау комиссиясының өкілдері де айтып берді.
Бүгін Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен Қазақстанның кезектен тыс президент сайлауының ресми нәтижелерін жария етті.
70,96 пайыз дауыспен Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жетті. Осылайша үгін елде екі айға созылған сайлау науқаны аяқталды. Сайлаудың соңғы қорытындылары жасалып, Қазақстан президенті сайланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс президент сайлауындағы айқын жеңісінен кейін БАҚ өкілдерінің алдына шығып, мәлімдеме жасады. Ол сайлау жоғары деңгейде, әділ және ашық өткенін мәлім етті. Сонымен қатар сайлаудан кейінгі сезімдерімен бөлісті.
Ал кеше сайлаудың алдын ала қорытындысы жарияланғаннан кейін кандидаттар бірінен соң бірі пікір білдіре бастады. Көпшіліктің күткені өзін "оппозиция кандидаты" деп атайтын Қосанов та Тоқаевты жеңісімен құттықтады. Оппозиция өкілін қолдаған халық "Қосановтан көңілдері қалғанын" айтып, "бірақ соған қарамастан сайлаудың нәтижесін жарамсыз деп тануды талап ететіндіктерін" айтқан.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Президенті сайлауының қорытындылары бойынша отандық және шетелдік журналистер үшін баспасөз конференциясын өткізді. Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап бере отырып, сайлаудың жоғары деңгейде, ашық әрі әділ өткенін атап өтті. Оның айтуынша, сайлау үдерісін 1000-нан астам халықаралық миссиялардың өкілдері, сондай-ақ, 40-тан астам елден келген 350-ге жуық журналист бақылады.
Баспасөз конференциясына 66, соның ішінде 22 шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының атынан 107 тілші қатысты. Өткен президент сайлауына, Қазақстан Республикасының ішкі және сыртқы саясатына қатысты Қасым-Жомарт Тоқаевқа 30-ға жуық сұрақ қойылды. Ол жиналғандарға саясатқа кездейсоқ келмегенін айтты.
Сондай ақ Қасымжомарт Кемелұлы елімізде екі күннен бері өтіп жатқан наразылық шаралары заңсыз екендігін айтып, өз ойын білдірді.
Журналистер Тоқаевқа кешкі уақытта әлеуметтік желілердің бұғатталатынын айтып шағымданды. Ал ол өз кезегінде бұл мәселеден бейхабар екендігін айтты.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсімі 12 маусымда өтті.