Пәкістанда екі пойыз соқтығысып, 36 адам қайтыс болды

Primary tabs

Мау 07, 2021 / 0 комментарии

Пәкістанда екі пойыз соқтығысып, салдарынан 30-дан астам адам көз жұмды. Тағы 50-ден астам жолаушы зардап шеккен деп хабарлайды РИА Новости. 

Басылымның мәліметінше, қайғылы оқиға Синд провинциясында орын алған. Салдарынан 36 адам қаза тауып, тағы 50-ден астамы әртүрлі жарақат алған. Алдын ала болжам бойынша, апатқа экспресс-пойыздардың бірі рельстен шығып кетіп, басқа пойызға соқтығысуы себеп болған.

Пәкістан темір жолы өкілдерінің дерегінше, төтенше жағдай салдарынан төрт вагон рельстен шығып кеткен. Ал соқтығысу орын алған Готки ауданы комиссарының орынбасары Усман Абдулла 14 вагонның аударылып қалғанын хабарлады. Осы ретте шамамен сегіз вагонның толығымен жойылғаны белгілі болып отыр. Төтенше жағдай куәгерлерінің сөзінше, соқтығысу кезінде жолаушылардың басым көпшілігі ұйықтап жатқан.

Еске сала кетсек, бұған дейін Қытайда жолаушылар пойызы 9 адамды қағып кеткенін жазған едік. Үрімшіден Ханчжоуға қарай бағыт алған жолаушылар пойызы темір жолда жұмыс істеп жатқан қызметкерлерді қағып кеткен. Қайғылы оқиға жолдың 401-шақырымында, Ганьсу аймағындағы Цзиньчан уезі маңында болған. Алдын ала мәліметтер бойынша тоғыз адам қайтыс болған. Әзірге төтенше жағдайға қатысты басқа да деректер хабарланбады. Іздеу-құтқару жұмыстары жалғасуда, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.