Сансызбай Айтбайұлы дүниеден өтті

Primary tabs

Мау 08, 2021 / 0 комментарии

Еліміздің «Құрметті құрылысшысы» атанған, Қарасай ауданының Құрметті азаматы Айтбаев Сансызбай Айтбайұлы дүниеден өтті, деп хабарлайды kaskelenkz тілшісі.

 

Сансызбай Айтбайұлы 1950 жылы Қаскелең қаласында дүниеге келген. 1965-1969 жылдары Талғар қаласындағы су шарашылығы техникумында оқып, «гидротехник» мамандығын меңгерген. 1972-1974 жылдары «ПМК-93» құрылыс мекемесінде шебер, 1974-1978 жылдары техникалық қызмет көрсету орталығының инженері болды. Өндірістен қол үзбей жүріп, Жамбыл қаласындағы гидромелиоративтік институтын «инженер-гидротехник» мамандығы бойынша бітірген. 1978-1980 жылдары «Иссыкводстрой» тресінде бас инженер қызметін атқарды. 1986 жылы «ПМК-76» құрылыс мекемесінің бастығы болып тағайындалды.

 

1994 жылы ҚР Президентінің жекешелендіру жөніндегі Бірінші бағдарламасына сәйкес, ПМК-76 «Ақсу» АҚ болып қайта құрылған болатын.  Жиырма алты жылдық қызметінде аталмыш компания Сансызбай Айтбайұлының басшылығының арқасында көптеген маңызды нысандарды пайдалануға берді. 

Әсіресе, Қаскелең қаласының шығыс жағындағы «Алтын ауыл» шағын ауданындағы бірнеше көп қабатты тұрғын үйлердің салынуында  С.Айтбаевтың қолтаңбасы бар. Оның басшылығымен «Ақсу» АҚ мелиоративтік құрылыспен қатар, өнеркәсіптік құрылыспен де айналысты. Су тарту жүйесін жақсарту бойынша қазақстандық дүниежүзілік банк жобасының бес тендірін жеңіп алды.

 

Сансызбай Айтбайұлы – ауданның әлеуетін арттыруға зор үлес қосқан ардақты азаматтардың бірі. 

«Құрмет ордені» мен мерекелік медальдардың, «Қазақстан Республикасының  «Құрметті құрылысшысы» және тағы да басқа төсбелгілердің иегері. Сонымен қатар, Қарасай ауданының Құрметті азаматы, «Ақсу» АҚ-ның Құрметті Президенті.