Сауд Арабиясы Корольдігінің денсаулық сақтау министрлігі биылғы қажылыққа қатысты арнайы талаптарын жариялады
Primary tabs
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қажылық бөлімі Саудия тарапының негізгі талаптарына назар аудару қажеттігін хабарлады.
⠀
Жаңа талапқа сәйкес, биылғы қажылық маусымындағы қажылар саны 60 мың адамға белгіленген.
⠀
Қажылық жасауға 18-60 жастар аралығындағы азаматтар өтініш бере алады.
⠀
Сондай-ақ, биыл қажылардан коронавирусқа қарсы Сауд Арабиясында ресми бекітілген вакцина түрлерінің (Pfizer-BioNTech, AstraZeneca, Johnson&Johnson және Moderna) екі дозасын қабылдау талап етіледі.
⠀
Екінші дозаны Корольдікке барудан 14 тәулік бұрын қабылдауы тиіс.
⠀
Шет елдерден келген кісілерге қажылық құлшылығына қатысы жоқ өзге аймақтарға баруына тыйым салынады.
⠀
Сонымен қатар, әр қажы жоғарыда аталған вакциналардың бірін қабылдағаны туралы өз елінің құзыретті органдарынан анықтама алуы және оны Сауд Арабиясының шет мемлекеттердегі елшіліктерінде заңдастыруы керек.
⠀
Бұған қосымша әр қажыдан Корольдікке келген кезде 72 сағатқа жарамды теріс нәтижелі ПТР-тест анықтамасын да көрсету талап етіледі.
⠀
Қажылар Мекке аймағында бір орыннан екінші орынға көшкен уақытта барлық денсаулық сақтау шараларын қатаң сақтауы тиіс. Сонымен бірге, бекітілген ережелерге толық бағынуы қажет.
⠀
ҚМДБ-ның мәліметінше, «Қажылық-2021» маусымында қандай мемлекеттен қанша адам шақырылатыны жайлы жаңалықты Саудия билігі әзірге таратпай отыр.
⠀
Қажылық маусымына қатысты жаңа ақпараттар мен қосымша талаптар болған жағдайда қосымша хабарланады.