Танымал ақындар Қарасайда бас қосты
Primary tabs
Қарасай ауданының 90 жылдық мерейтойы аясында, халықаралық ақындар айтысы ұйымдастырылды деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі.
Жалпы, құрметті қонақтар қатысқан салтанатты шаралар легі екі күнге созылды. Бірінші күні аудандық мәдениет үйінде «Қарасай батыр – Ұлы даланың тарихи тұлғасы» атты ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтіп, оның барысында «Қарасай – тарихи атамекен» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Түстен кейін аудан жұртшылығы танымал ақындар қатысқан айтысты тамашалады. Балғынбек Имашев, Бекарыс Шойбеков, Жандарбек Бұлғақов, сияқты от ауызды, орақ тілді суырып-салмалармен қатар, ауданымыздың жас ақындары да сахна төрінен табылды. Шайырлардың сөз шайқасында Қарасай ауданының намысын Аяулым Жұмабек пен Сырым Әуезхан қорғады.
«Ана тілі» газетінің бас редакторы, журналист, ақын Жанарбек Әшімжан төрағалық еткен бағалаушылардың арасында облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Нүсіпбай Әбдірахым, «Ақиқат» журналының бас редакторы Аманхан Әлімұлы, «Атамекен» газетінің бас редакторы Рәтбек Терлікбаев және белгілі айтыскер ақын Шорабек Айдаров болды. Ал, айтысты Қарасай аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры, ақын Серік Қалиев жүргізіп отырды. Өз кезегінде аудан әкімі Жандарбек Далабаев айтыстың алдында ақындарға сәттілік тілеп, арнайы келгендеріне алғысын жеткізді.
Халықтың айтысты қатты сағынғандары бірден байқалды. Лық толған зал ақындардың әрбір астарлы әзілдері мен ұтымды жауаптарына, ерекше мақамды сөз саптауларына жаңғырып отырды. Айта кетсек, Kaskelenkz ютубарнада айтыстан тікелей көрсетілім жасады (эфир сақтаулы).
Нәтижесінде, Бас жүлде мен 1 млн теңге тараздық ақын, әрі көпбалалы ана Алтынкүл Қасымбековаға берілді. Ал, І орын Бекарыс Шойбековқа, ІІ орын Жандарбек Бұлғақовқа, ІІІ орынның жүлдесі екі ақынға бұйырды, олар: Қырғыз елінен келген Эламан Келдібек пен белгілі ақын Балғынбек Имашев еді. Ал, қарасайлық жас ақын Аяулым Жұмабекке демеушілердің көмегімен, аудан әкімдігі атынан арнайы қаржылай сыйлық тапсырылды.