Таразда мектеп түлектері жол ережесін өрескел бұзған

Primary tabs

Мау 15, 2021 / 0 комментарии

Тараз қаласының полиция қызметкерлері жол ережесін өрескел бұзған кортежді анықтады. Көліктің ішінде мектеп түлектері болған деп хабарлады Жамбыл облысы полиция департаменті Instagram-дағы ресми парақшасында. 

Полицияның мәліметінше, жол ережесін бұзған кортежді рейд кезінде патрульдік полиция батальонының қызметкерлері байқаған. Көліктердің бірінің тізгінінде кәмелет жасына толмаған жеткіншек отырған. Ал салонда мектепті биыл бітірген жасөспірімдер болған.

Жас жүргізуші ӘҚБтК-нің 612-бабы 2-бөлігі (Құжаттары жоқ және басқару құқығы жоқ адамның көлiк құралын басқаруы) және ӘҚБтК-нің 593-бабы 1-бөлігі (Жол жүрiсi қағидаларында көзделген жолаушыларды және жүктердi тасымалдау, қауiпсiздiк белдіктерiн немесе мотошлемдердi пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ, жасөспірімнің заңды өкіліне қатысты ӘҚБтК-нің 612-бабы 5-бөлігі (Көлікті басқару құқығы жоқ адамға не басқару құқығынан айырылған адамға беру) бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. 

Еске салсақ, бұған дейін Алматы облысында көліктердің мемлекеттік нөмірін алып тастап, жол ережесін өрескел бұзған түлектер видеоға түсіп қалған еді. Полицияның мәліметінше, аталмыш факті Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағаш ауылында тіркелген. Сайран құрған - колледж түлектері. Олардың барлығы анықталған. Полиция түлектерге қатысты тиісті шара қолдану мәселесі қаралып жатқанын хабарлаған болатын.