Украинада аттракцион істен шығып, бірнеше адам жарақат алды

Primary tabs

Мау 14, 2021 / 0 комментарии

Украинада ішінде бірнеше адамы бар аттракцион қозғалыс кезінде істен шықты. Оқыс оқиға салдарынан жарақат алғандар бар деп хабарлайды Life.ru. 

Төтенше жағдай Николаев облысы Вознесенск қаласында орын алған. Оқиға куәгерлері қорқынышты сәтті видеоға түсіріп, желіде жариялаған. Кадрлардан әткеншектің қауіпсіздік тұтқалары ашылып кеткені, содан кейін қоршаудың көтеріліп, адамдар отырған маятниктің соқтығыса бастағаны көрінеді.

Сондай-ақ, видеодан адамдардың қатты қорыққан дауысы мен металл соққыларының дыбысын естуге болады. Оқыс оқиғаның салдарынан үш адам жарақат алған. Одан бөлек, аттракционды тоқтатпақ болып, кассир отырған кабинаның терезін сындырған куәгерлердің бірі қолын кесіп алған. Ал оператор мен кассир төтенше жағдай орын алған соң белгісіз бағытқа қашып кеткен. Қала тұрғындары жолаушыларды аттракционнан өздері түсіріп алған. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Шымкентте 17 жастағы жігіт аттракционнан құлап, қайтыс болғанын жазған едік. Қайғылы оқиға "Қиял әлемі" технопаркінде болған. Жас жігіт дәрігерлер келгенге дейін сол жерде көз жұмған. Кейбір деректерде марқұмның мектепті аяқтап, ойын-сауық саябағында сырттай жұмыс істегені айтылған.

Сонымен бірге, Оралда 2 мамыр күні кешкісін қалалық мәдениет және демалыс саябағындағы әткеншек істен шығып, 8 бала жарақат алған еді.