Шалқар көшелерін басқан су қайдан келді?

Primary tabs

Мау 03, 2019 / 0 комментарии

         Шалқар ауылының бір топ тұрғыны редакциямызға «көшемізді су басты» деп хабарласты. Kaskelenkz әдеттегідей, жұртшылықтың жан айқайына бей-жай қарай алмай, оқиға орнына аттанды.

 Бір айта кетерлігі – бұл аумақтағы егіс алқаптарына суды арналар арқылы беретін мекеме «Үшқоңырирригация» МҚК болып табылады. Сол себепті біздің жұртшылықтың жанайқайын ести сала хабарласқан орнымыз осы кәсіпорын еді. Басшысы Нұрдос Нағашбеков жағдайдан хабардар екенін айтып, оқиға орнына тиісті маманды жіберді.

«Даудың басы – дайрабайдың көк сиыры» дегендей, жұртшылық наразылығын туғызған ағын судың бастауы алқаптарды суғаратын арнада пайда болған. Мұнда егістік жерлерді жалға алып, еңбектенгісі келетін дихандардың бірі өздеріне келетін судың қарқынын күшейтпек болып, қатар жатқан өзге құбырды тесіп қойыпты. Бұл туралы мән-жайды учаске бастығы Мұстафа Мазинов түсіндірді.

 Ұққанымыздай, мұнда тіпті науқан кезінде суға талас өрши түсетін тәрізді. Себебі, шаруалар шығынға ұшырамай өнімдерін баптап, күзде кәсібінің нәсібін көруден мүдделі. Дегенмен, тым асыра сілтеп, тәртіп бұзғандарды мекеме тіршілік нәрінсіз қалдыруға бекініп отыр. Өйткені, дихандардың өзара тартысынан қарапайым тұрғындар ешуақытта зардап шекпеуі керек.

Біз арнасынан аққан су бойлаған көшені де аралап көрдік. Алдымыздан шыққан тұрғындар ашуға мінген. Себебі, таң ұзақтан балалары есік алдында еркін ойнаудан, үлкендер әрлі-берлі жүруден қалған.

ЗКТ: Үшқоңырирригация мекемесінің өкілі бұл жағдай бірінші рет болып тұрғанын айтқан еді. Ал, тұрғындар болса, келеңсіздіктің бірнеше рет қайталанғанын айтады. Тіпті, шаруалардың тірлігінен шаршаған жұртшылық егіс алқаптарының оларға тек зиян ғана әкелетінін сөз етті.

Ал, дихандарды сумен қамтамасыз етуші кәсіпорын өкілі бұл мәселенің шешімі – арықтарда деп отыр. Яғни, тұрғындар есік алдыларындағы арықтарын реттеп, тазалап қойса, жоғарыдағы су арнасынан асып келсе де, ешкімнің мазасын алмай, осы арықтарды бойлап кете береді дейді. Ал, егіндік жерлерді құрту дұрыс емес деп санайды ол. Әңгіме арасында білікті маман бұрын Жандосовта 1370 га суғармалы жер болғанын, олардың бәрі қосалқы шаруашылыққа беріліп, қазір 100-ден астам гектары ғана қалғанын қынжыла жеткізді.

 Сөз соңында учаскедегі су арналарына жауапты маман тұрғындарға телефон нөмірін қалдырып, енді мұндай жағдай қайталанып жатса, бірден хабарласуларын сұрады.