Шарындағы қайғылы оқиғадан кейін екі қылмыстық іс қозғалды
Primary tabs
Шарын шатқалындағы қайғылы жайттан кейін екі қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады
"Екі қылмыстық бап бойынша тергеу басталды: Қылмыстық кодекстің 306-бабы, 3-бөлігі ( (Қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау немесе қызметтер көрсету салдарынан абайсызда адамның қайтыс болуы) және 141-бабы, 2-бөлігі (Балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерді дұрыс орындамау салдарынан абайсызда кәмелетке толмаған адамның қайтыс болуы)", - деп хабарлады Алматы облысының полиция департаменті.
Еске сала кетсек, 29 мамырда Алматы облысының Шарын шатқалында сел жүріп, 2 адам көз жұмып, тағы 6 адам зардап шегіп, бір оқушы жоғалып кеткен еді.
Кейін еліміздің білім және ғылым министрлігі аталған оқиға салдарынан 1 оқушы мен 1 мұғалімнің қаза тапқанын мәлім етті. Сондай-ақ, сел кезінде жоғалып кеткен оқушы қыздың табылғаны хабарланды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оқушыларды құтқарамын деп мерт болған № 199 мамандандырылған гимназия" КММ мұғалімі Мерей Ибрагимовтың жақындары мен туыстарына көңіл айтты. Сонымен қатар, президент марқұм Мерей Ибрагимовті "Ерлігі үшін" медалімен марапттады. Айта кетсек, Алматы әкімдігі туризм басқармасының басшысы Сабина Аманкелді осы қайғылы жағдайдың сценарийі қайталанбас үшін қандай шаралар қабылданатынын айтып берген еді.