Шебер ұстаздар сайысы
Primary tabs
«Салт дәстүрім санамда, жаһандану заманда». Бүгін осындай тақырыппен Шалқар ауылындағы орта мектеп базасында, аудандық көркем еңбек пәні мұғалімдері жасаған қолөнер бұйымдарының байқауы өтті. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аудандық білім бөлімі ұйымдастырған шараға 50 мектептен 72 ұстаз қатысты.
Тақырыпқа сай, қатысушылар түрлі материалдардан жасалған, салт-дәстүрімізді, ұлттық құндылықтарымызды айғақтайтын дүниелерді қазылар алқасының назарына ұсынған. Қазақ батырларының дулығасы мен қалқаны, ауыз әдебиеті шығармаларының кейіпкерлері, ата-бабалардан мирас болып қалған тұрмыстық бұйымдар және тағы басқалары мектептің кең залында, қаз-қатар тізілген үстел үстінен көрініс тапты. Тыңғылықты сараптау нәтижесінде, ерлер арасында Шамалған орта мектебінің мұғалімі Қанат Жәленов, әйелдер арасында Қ.Сәтбаев атындағы орта мектеп мұғалімі Мадина Мұхамадиева бас жүлдеге ие болды.
Шараны ұйымдастырушы мекеме қызметкері Мәнсия Буданованың берген мәліметіне сүйенсек, осы қараша айының басында Алматы қаласындағы оқушылар сарайында шеберлердің сәндік-қолданбалы шығармашылығынан республикалық көрме өтіп, ол жерде Қарасай ауданының білім бөлімі, сонымен қатар, Шамалған, Қарасай батыр, Сәтбаев, Қосынов, Әлімқұлов орта мектептері ҚР Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатын алған. Яғни, бұл да қарасайлық қолөнершілердің кешенді еңбегінің нәтижесі деуге толық негіз бар.