Шымкентте 14 жастағы қыз инсульт алды

Primary tabs

Мамыр 06, 2021 / 0 комментарии

Шымкентте 14 жастағы қыз инсульт алып, балалар клиникалық ауруханасына жеткізілді. Жасөспірімге ота жасалды деп хабарлайды Otyrar.kz.

23 сәуірде жедел жәрдем қызметі ауруханаға 14 жастағы қызды жеткізді. Дәрігерлер компьютерлік томография жасап, қан тамырларының жарылуы салдарынан миға қан кету болғанын анықтады.

Жарылған тамырлар терең орналасқандықтан, нейрохирургтар шұғыл түрде бас сүйегіне ашық ота жасады.

Балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Сарыбай Сұлтанның айтуынша, баланың жағдайы ауыр болған. Бірақ дәрігерлер уақытында диагноз қойып, шұғыл түрде операцияны жасай алды.

"Олар трепанация жасады, гематоманы, яғни ұйыған қанды алып тастады. Осыдан кейін науқас екі күн бойы жансақтау бөлімінде болып, бөлімге ауыстырылды", – деп түсіндірді Сарыбай Сұлтан.

Дәрігерлер бас сүйегіне жасалған ашық операция сәтті болғанын атап өтті. Қазір қыздың жағдайы жақсы. Оны осы аптаның соңында ауруханадан шығару жоспарлануда. 

Еске салсақ, Ақтауда дәрігерлер инсульт алған екі айлық нәрестені құтқарып қалған еді. Ақ халаттылар сәбиге арнайы ота жасаған. Баланың жағдайы орташа ауыр деп бағаланған болатын. 9 қаңтарда бала Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілген. "Лада" басылымының мәліметінше, оған "мидағы қан айналымының өткір бұзылысы" (жаңа туған балалар инсульті) диагнозы қойылды.