ШҚО-да жоғалып кеткен 16 жастағы қыз табылды
Primary tabs
Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданында жоғалып кеткен 16 жастағы табылды деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынған мәліметке сәйкес, криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері интернет-ресурстарына мониторинг жүргізу барысында кәмелет жасқа толмаған қыздың жоғалып кеткендігі жайлы ақпаратты байқаған.
Үйінен шығып кеткен жасөспірім сол күйі қайтып оралмаған екен. Ал ата-анасы полицияға хабарласпай, қызына әлеуметтік желі арқылы іздеу салыпты.
"Оқиға орнына бірден жедел-тергеу тобы аттанып, барлық полицейлер жоғалған қызды іздеуге кірісті. Жасөспірімнің баруы мүмкін жерлері, ауданға жақын орналасқан елдімекендер түгел тексерілді. Бір тәулік ішінде қыз аман-есен табылды. Белгілі болғандай, ол достарымен бірге жүрген", - деп хабарлады ведомство өкілдері. 16 жастағы қыздың денсаулығына ешқандай зиян келмеген.
Бүгінде жасөспірім ата-анасына қайтарылған. Еске салсақ, бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысында жоғалған сегіз жасар қыздың денесі бес күннен кейін Есіл өзенінен табылғанын жазған едік. Қыздың мүрдесі сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Жалпы жыл басынан бер Солтүстік Қазақстан облысында жеті адам суға кетті, оның үшеуі – бала. Облыстың Төтенше жағдайлар департаменті қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақыруда.