ҚАЖ қызметкері есінен танған адамды құтқарып қалды

Primary tabs

Қаң 06, 2021 / 0 комментарии

Сарыағаш аудандық пробация қызметі бөлімінің қызметкері есінен танған адамға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, өмірін құтқарды.

Оқиға Сарыағаш қаласы әкімі аппараты ғимаратының шығаберісінде болған.

Сейсенбі, 05 қаңтар күні аудандық пробация қызметі бөлімінің инспекторы әділет капитаны Ғалымжан Балғынбеков Сарыағаш аудандық пробация қызметі бөлімінің есебінде тұрған сотталғанды қалалық әкімдікке жолдама анықтама хатымен бірге жеткізген.

Пробация қызметіндегі бұл азамат сот үкімімен 1 жылға бас бостандығынан шектеу жазасына сотты болған. Сондай-ақ, қосымша міндет есебінде 100 сағатқа мәжбүрлі еңбекке тартылған.

Осы мәжбүрлі еңбекті өтеу үшін жұмыс орнын жергілікті әкімдік бекітеді және табелін жүргізеді.

Сол себепті инспектор Ғалымжан Балғынбеков сотталғанды мәжбүрлі еңбегін өтеу үшін әкімшілікке оны бекітілген жұмыс орнымен таныстыру үшін жеткізген.

Әкімшіліктен шығаберісте 21 жастағы сотталған кенеттен есінен танып, құлаған. Балғынбеков сотталғанды ұстап қалып, оның көгеріп кеткенін көрген. Медициналық тәжірибесі бар инспектор бірден алғашқы медициналық көмек көрсетті. Әкімшілік күзетшісіне «қасық» әкелу керек екенін айтқан.

Бұл жәйт әкім аппаратының ғимаратындағы бейне-бақылау камерасына жазылып қалған.

Шұғыл түрде көрсетілген көмектің нәтижесінен сотталған есін жиып, тыныс ала бастаған. Жедел жәрдем шақыртылып, аудандық емханаға жеткізілді. Қазір пробация қызметі сотталғанның денсаулық дағдайы  жақсарғанын айтты.

-Пробация қызметі бөлімінің қызметері Ғалымжан Балғынбековтың сотталғанға дер кезінде алғашқы медициналық көмек көрсетіп, өміріне араша түскені бәрімізді қуантты. Ғалымжанның бұл әрекеті елікпен пара-пар. Сол себепті әділет капитаны Ғ.Балғынбековке алғыс жариялау үшін Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департамент бастығына сұраныс хат жолдадым, -  дейді қала әкімі Мұхит Доспулов.     

Бүгін ҚАЖ департаменті бастығының бұйрығымен Сарыағаш аудандық пробация қызметі бөлімінің инспекторы әділет капитаны Ғ.Балғынбековке ерлігі үшін «алғыс» марапаттау шарасы жарияланды.