Қазақстанда орманды алқаптарды 2 млрд және елді мекендерде 15 млн ағаш отырғызылады
Primary tabs
ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев өңірлердегі экологиялық проблемаларды шешу шаралары туралы баяндады.
М. Мырзағалиев атап өткендей, бүгінгі таңда жаңа Экологиялық кодекс Парламент Мәжілісінде екінші оқылымда қабылданды. Ол қоршаған ортаға теріс әсерді едәуір төмендетуге бағытталған.
«Алайда, жаңа Экологиялық кодекстің қабылдануын күтпей, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын негізге ала отырып экологиялық проблемалар мен оларды шешу жолдарын барлық өңірлердегі жұртшылықпен, әсіресе экоактивистермен қарастырдық», — деді министр.
Барлығы 17 онлайн кездесу өткізілді, 25 мыңға жуық адам қатысты. Талқылау нәтижелері бойынша жұртшылықпен, әкімдіктермен және табиғат пайдаланушылармен бірлесіп, 17 Жол картасы әзірленді. Бұл құжаттарда өңірлердегі экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі нақты шаралар қарастырылған.
«Баршамызды келесі негізгі экологиялық проблемалар аландатуда. Бұл атмосфералық ауа мен жер үсті суларының ластануы, қалдықтармен байланысты жұмыстың жетілмеген жүйесі, сондай-ақ бұрыннан ластанған жерлер мен көгалдандырудың жетіспеушілігі», — деді М. Мырзағалиев.
2019 жылдың қорытындысы бойынша атмосфералық ауаның экологиялық мониторингіне сәйкес 45 елді мекен ішінде 10 қала атмосфералық ауаның жоғары ластану деңгейіне жатады. Олар: Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш, Өскемен, Жезқазған және Шымкент қалалары. Сонымен қатар, ластаушы заттар шығарындыларының едәуір көлемі Павлодар облысына тиесілі.
М. Мырзағалиев өңірлердегі экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі шаралар туралы айтып берді. Алматы қаласының ластануы ЖЭО-2 мен ЖЭО-3 жылу көздерінің, автокөліктердің және қалаға іргелес Алматы облысының газдандырылмаған жеке үйлерінің шығарындыларымен байланысты.
Алматы қаласының экологиялық жағдайын жақсарту үшін дайындалған Жол картасында 20 іс-шара қарастырылған. Оның ішінде негізгісі: ЖЭО-2 мен ЖЭО-3 газға ауыстыру, қалаға іргелес жатқан жеке меншік үйлерді газдандыру, коммуналдық және қоғамдық автокөліктерін табиғи газға көшіру, дизель отынымен жүретін қоғамдық көлікке кезең-кезеңмен тыйым салу, транзиттік көліктердің кіруіне/жүруіне шектеу қою жағын қарастыру және көгалдандыру. Сонымен қатар жел режиміне зерттеулер жүргізу және соны ескере отырып, сәулет келбеті ережелеріне өзгерістер енгізу және құрылыстың бас жоспарларын түзету қажет.
«Іс-шараларды іске асыру нәтижесінде ластаушы заттар шығарындыларының көлемі 144 мың тоннадан 79,5 мың тоннаға дейін немесе 44% қысқартылады, яғни атмосфераның ластану индексі (АЛИ) жоғары деңгейден (8) орташа деңгейге (6) дейін төмендейді», — деді М. Мырзағалиев.
Ақтөбе облысының Жол картасында 33 іс-шара көзделген. Негізгі іс-шаралары келесідей: Ақтөбе ферроқорытпа зауытында экологиялық мақсатта жаңғырту жұмыстарын жүргізу, Ақтөбе қаласындағы кәріздік тазарту кешенін қайта жаңарту, көгалдандыру, өзен арналарын тазарту, Көкжидедегі жерасты суларына мониторингтік зерттеулерін ұйымдастыру, бұрынғы Алға химия зауытының қауіпті қалдықтарын жою, 8 жаңа полигон салу және ескі полигондарды рекультивациялау.
Атырау облысының Жол картасы 40 іс-шарадан құралған. Оның ішінде жаңа кәріздік тазарту кешендерін салу және ескілерін қайта қалпына келтіру, «Тухлая балка» және «Квадрат» кәріздік алаңдарын рекультивациялау, көгалдандыру, Жайық өзенінің бассейнін тазарту және сауықтыру секілді басқада маңызды шаралар көзделген.
Шығыс Қазақстан облысының Жол картасында 35 іс-шара көзделген. Риддер металлургия комбинатын экологиялық таза технологиялармен жабдықтау, Өскемен қаласында орналасқан ЖЭО-дағы зиянды газдан тазарту құрылғыларын жаңғырту, қолданыстағы кәріздік тазарту кешендерін қайта жаңарту және жаңаларын салу, радиоактивті ластанудың жергілікті ошақтарын анықтау және жою, рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын жерлерді жою секілді іс-шаралар жоспарланған.
Қарағанды облысының Жол картасында 57 іс-шара көзделген. Қоршаған ортаға теріс әсерін азайту мақсатында «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорындағы қазандық жабдықтары мен газ тазалау жабдықтарын қайта жаңарту, әк күйдіру цехын Теміртау қаласынан тыс жерге шығару және Жезқазған қаласында «Қазақмыс» кәсіпорнының жаңа күкірт қышқыл цехын салу көзделген.
Сонымен қоса, Балқаш қаласындағы «Қазақмыс Энерджи» кәсіпорыны шығарындыларын азайту мақсатындағы жаңғырту жұмыстарын жүргізу, тұрғын үй, әлеуметтік маңызы бар объектілерді газға қосу, Теміртау, Жезқазған, Балқаш қалаларын көгалдандыру тәрізді іс-шаралар бар.
Теміртау қаласында өндірістік ағынды суларды тазарту торабын және Балқаш пен Жезқазғанда жаңа кәріздік тазарту кешендерін салу, «АрселорМиттал Теміртау» қалдықтарын кәдеге жарату, Жезқазған қаласында биоэлектростанция салу және «Дарьял-У» жерлерін қалпына келтіру көзделген.
Павлодар облысының Жол картасы 33 тармақтан тұрады. Онда келесідей маңызды экологиялық іс-шаралар көзделген: «Қазхром» кәсіпорынындағы газдан тазарту жүйесін қайта жаңарту және 982 мың тонна шлакты қайта өңдеу, «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» энергия блогын экологиялық технологиялармен жабдықтау, «Қазақстанның алюминийі» кәсіпорынындағы газдан тазарту жүйесін қайта жаңарту, көгалдандыру, айналмалы сумен жабдықтауды енгізу және жаңа 9 полигон салу.
Жалпы алғанда, іс-шараларды іске асырудың арқасында шаң шығарындыларының көлемі кемінде 30% төмендетіледі.
Қалдықтарды өңдеудің төмен деңгейі мәселесін жүйелі шешу үшін заңнамалық деңгейде «Waste to energy» технологиясы енгізілуде. Бұл дегеніміз, қоқысты жағу арқылы электр энергиясы өндіріледі, сосын ол жалпы электр желісіне сатылады. Жақында ғана Мемлекет басшысы тиісті заң жобасына қол қойды.
Тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеуге бағытталған пилоттық жобалар бірінші кезенде 6 қалада жүзеге асады. Бұл Ақтөбе, Алматы, Атырау, Нұр-Сұлтан, Тараз және Шымкент. Бүгінгі күні әкімдіктермен бірлесіп, жер учаскелері, инфрақұрылым және зауыттардың қалдықтармен кепілді жүктелуі мәселелері пысықталуда. Пилоттық жобалар сәтті іске асырылған жағдайда зауыттар басқа қалаларда да салынатын болады.
Осы технологияның арқасында 2025 жылға қарай қайта өңдеу деңгейі 30%-ға, яғни орташа еуропалық деңгейге дейін жеткізіледі.
«Жаңа Экологиялық кодекстің қабылдануы елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған жүйелі шешімдерді береді. Өңірлерде экологиялық проблемаларды шешу кешенді шараларды және едәуір уақытты талап ететінін ескере отырып, қысқа мерзімді перспективада Жол карталарында көрсетілген іс-шаралардын толыққанды орындау қажет деп санаймыз», — деді министр.
Олардың орындалуы келесідей оң нәтижелерге әкеледі:
1. 10 қалада атмосфераның ластану индексін жоғары деңгейден орташа деңгейге төмендетуге;
2. Қалдықтарды қайта өңдеу деңгейін ағымдағы 15%-дан 30%-ға дейін жеткізуге;
3. 24 жаңа полигон салу және толып кеткен 5 полигонды қалпына келтіруге және жоюға;
4. Ежелден ластанған жерлерді қалпына келтіруге және жоюға;
5. 7 жаңа кәріздік тазарту кешенін салуға және 12 кәріздік тазарту кешенін қайта жаңғыртуға;
6. Елді мекендерде 15 млн және орман алқаптарында 2 млрд ағаш отырғызуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ отырыста Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов, Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев баяндама жасады.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов облыста 2020-2024 жылдарға арналған экологиялық проблемаларды шешудің Кешенді жоспары мен Жол картасы жүзеге асырылып жатқанын айтты.
Экологияны жақсартуға бағытталған инвестицияның жалпы сомасы 60 млрд теңгені құрайды.
Атап айтқанда, бес жыл ішінде атмосфералық ауаны жақсартуға 24 млрд теңге инвестиция салынады. Оның 22,1 млрд теңгесі - «ГидроПолиМет технологиясын қолданумен Риддер металлургиялық кешенінде атмосфералық сілтісіздендіру цехының құрылысына» беріледі, бұл Риддер қаласы бойынша атмосфераға күкірт диоксидін шығаруды қазіргі нормативтер деңгейінен 714 тоннаға немесе 20%-ға азайтуға мүмкіндік береді.
«Бұл орайда, соңғы 7 жылда ауаның ластануы облыс бойынша 10 мың тоннаға, Өскемен қаласы бойынша 7 мың тоннаға азайғанын атап өту қажет. Осы кезең ішінде, ірі кәсіпорындар табиғат қорғау іс-шараларына 35,2 млрд теңге инвестиция салды», — деді Д. Ахметов.
Облыс орталығында экологиялық қоғамдық мониторинг жүйесі жұмыс істейді. Экологиялық ақпаратты онлайн режимінде кедергісіз алу үшін жағдайлар жасалды.
Елді мекендердің жасыл белдеулері құрылуда. Өткен жылы 170 мың көшет, ағымдағы жылы 30 мың көшет егілді.
Ормандарды қалпына келтіру көлемін арттыру және елді мекендерді көгалдандыру жөніндегі 2025 жылға дейінгі іс-шаралар жоспары әзірленді, оның жалпы қаржы көлемі 1 млрд теңгені құрайды, оның ішінде 65 млн теңгесін ірі өнеркәсіптер салатын болады.
Тұрмыстық қатты қалдықтарды жою бойынша Европа Қайта Құру және Даму банкімен Өскемен және Семей қалаларында қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесін жаңғырту бойынша 23,5 млрд теңгеге алдын ала келісім жасалды.
Өскемен қаласында полигон салу үшін жер учаскесін анықтау жұмысы жүргізілуде.
Су ресурстарын реттеу бойынша жалпы сомасы 10,1 млрд теңгенің іс-шаралары қарастырылған. Оның ішінде осы жылы 1,6 млрд теңгеге Өскемен қаласындағы металлургия кешенінің аумағында Үлбі өзенінде ағынды суларды терең тазалау құрылыстарын салу, 1,1 млрд теңгеге Ертіс өзенінде дюкерді қайта жаңарту жұмыстары аяқталады. 2024 жылы 7,2 млрд теңгеге Семей қаласында тазарту құрылыстары мен нөсерлік кәрізді қайта жаңартуды аяқтау жоспарланған. Экология мәселелері ерекше бақылауға алынған.
Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин өңірде экологиялық проблемаларға егжей-тегжейлі талдау жүргізілгенін, соның негізінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп, өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға арналған 33 шарадан тұратын Жол Картасы әзірленіп, бекітілгенін атап өтті.
«Ақтөбе қаласы ауа сапасы бойынша қолайсыз қалалардың бірі, атмосфераны ластаушы негізгі факторларға кәріз жүйесінің және қала аумағында орналасқан Ақтөбе ферроқорытпа зауытының шығарындылары жатады», — деді Ақтөбе облысының әкімі.
Ақтөбе ферроқорытпа зауыты №1 және №2 цехтарды шаң мен газдан тазарту жүйесін қайта жаңғырту жобасын жүзеге асыруда, бұл жұмыстар 2022 жылы аяқталады. Нәтижесінде бейорганикалық шаңдар шығарындылары 20%-ға дейін азайтылатын болады.
Кәріз жүйелерінен бөлінетін күкірсутегі шығарындыларын азайту мақсатында кәсіпорындардың қалалық кәріз жүйесіне су ағызуына бақылау күшейтілді, кәсіпорындар майаулағыштар және жергілікті тазарту құрылғыларын орнату бойынша жұмыстар жүргізді.
Сонымен қатар, мәселенің негізгі шешімі – тазарту құрылғылары кешенің қайта жаңғырту. Биыл «Тұрғын үй коммуналдық-шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ жобаның техникалық экономикалық негіздемесін әзірлеуде, 2021 жылы жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, жобаны жүзеге асыру 2022 жылы басталатын болады.
Мұнай-газ саласындағы кәсіпорындардың ілеспе газды кәдеге жарату көлемі 97,8%-ға жеткізілді.
Атмосфералық ауа сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін тағы бір бағыт – елді мекендерді көгалдандыру. Орман шаруашылығын дамытудың жоспары әзірленіп, елді мекендерге 1 млн астам, мемлекеттік орман қоры жерлеріне 60 млн астам ағаш отырғызу қарастырылды (жергілікті бюджеттен қарастырылған 3 млрд теңгеден астам қаржыландырылады).
Сонымен қатар, Жол картасы су ресурстарын реттеуді, қалдықтарды басқару, жер ресурстарын қорғау және тұрғындардың экологиялық мәдениетін көтеру шараларын қарастырады. Қазіргі таңда Жол картасын жүзеге асыру күнтізбелік жоспарға сай жүргізілуде, экологиялық ахуалды жақсарту жұмыстары жалғастырылатын болады.
«Қазіргі кезде Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп бірқатар мәселелер пысықталуда: Көкжиде кен орнын сақтап қалу, бұрынғы Алға химиялық зауытының қалдықтарын жою, Шалқар көлінің түбін тазарту», — деп түйіндеді өз сөзі Оңдасын Оразалин.
Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов атап өткендей, ағымдағы жылғы қыркүйекте салалық министрлікпен бірлесіп облыстағы экологиялық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі Жол картасы қабылданды.
Жол картасы аясында облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары табиғатты қорғау шараларын іске асыруда.
Осылайша, ағымдағы жылы Павлодар алюминий зауыты 2 электр сүзгісін инновациялық «гибридтік» сүзгіге ауыстырды, бұл шаңды шамамен жылына 2,4 мың тоннаға азайтуға мүмкіндік берді.
Ақсу қаласында «ЕЭК» АҚ электр станциясының №7 энергетикалық блогында да жеңдік сүзгілерді қолданумен осындай технология енгізілуде. 2024 жылы қайта жаңарту жұмыстары аяқталғаннан кейін энергетикалық блок 9 мың тонна шаң аз шығаратын болады.
Қазақстан электролиз зауытының цехтарында жеңдік сүзгілер ауыстырылуда.
«Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы Ақсу ферроқорытпа зауытында №4 цехтың (42, 43, 44 пештері) газ тазартқышын қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде, бұл 3 жыл ішінде шаң шығарындыларын 180 тоннаға азайтуға мүмкіндік береді.
Осылайша, Еуразиялық Топ кәсіпорындары қабылдаған жаңа экологиялық стратегия 10 жыл ішінде шаң шығарындыларын 55 мың тоннаға немесе 57%-ға кезең-кезеңімен төмендетуге мүмкіндік береді.
Бұдан басқа, Екібастұз ГРЭС-1-де №4 және №6 блоктардың электр сүзгілеріне жөндеу жүргізілуде. 2021 жылы олар аяқталғаннан кейін шаң шығарындылары жылына 100 тоннаға азаяды (1 сүзгіден жылына 50 тоннаға).
Облыста интерактивті карта (maps.hydromet.kz), мобильді қосымша (AirKZ) және облыс орталығының түрлі жерлеріндегі ЛЭД-экрандар арқылы ластану деңгейі бойынша ақпаратқа онлайн қол жеткізу ұйымдастырылған.
Ормандарды молықтыру көлемін ұлғайтудың қадамдық жоспары әзірленіп, салалық министрлікпен келісілді, оның шеңберінде 5 жыл ішінде 16,5 мың га аумаққа 74 млн көшет отырғызылады.
Бұдан басқа, 5 жыл ішінде жыл сайын 20 мың ағаш отырғызуды көздейтін қалаларды көгалдандырудың кешенді өңірлік бағдарламасын әзірленуде.
Қоғамдық тыңдауларды онлайн форматта өткізу халық қатысуының өсуіне оң әсерін тигізді (тыңдауға қатысушылар саны 15-тен 80 адамға дейін өсті). Жыл басынан бері облыста 95 тыңдау, оның ішінде 76-сы ZOOM форматында өткізілді.
2015 жылдан бастап өңірде Экологиялық кеңес жұмыс істейді, оның құрамы биылғы жылы сапалы өзгерді. Енді құрамындағы үкіметтік емес ұйымдар үлесі 3-тен 10-ға дейін артты (қатысушылардың жалпы саны – 25). Консультативтік-кеңесші органның жұмыс форматы проблемалық мәселелерді неғұрлым тереңірек қарауға және түпкілікті нәтижеге бағдарлануға баса назар аудара отырып, қайта бағдарланған.
Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов өңірде экологиялық проблемаларды шешу бойынша 2020-2022 жылдарға арналған Жол картасының 7 бағыты бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Бұл:
1. Атмосфераға ластаушы заттардың шығарылуын азайту.
2. Көгалдандыру.
3. Қалдықтарды басқару саласы.
4. Су ресурстарын реттеу.
5. Автокөлік шығарындыларын азайту.
6. Жер ресурстарын қорғау.
7. Экологиялық мәдениетті арттыру.
Әкімнің айтуынша, өңірдің негізгі экологиялық проблемасы — Атырау қаласының атмосфералық ауасының сапасы. Жол картасына сәйкес ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың атмосфераға ластаушы заттар шығарындыларының көлемін азайтуға бағытталған арнайы іс-шаралар әзірленді. 2019 жылдың қорытындысы бойынша табиғатты пайдаланушылар атмосфералық ауаға 180 мың тонна ластаушы заттар шығарды. 2020 жылдың соңына дейін шығарындылар көлемін 2019 жылмен салыстырғанда 2300 тоннаға азайту жоспарлануда.
Атырау облысының әкімдігі жол картасы аясында Атырау қаласының сол жағалауындағы кәріздік-тазарту құрылымының құрылысын аяқтау, «Тухлая балка» және «Квадрат» булану алаңдарын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде.
Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев өз сөзінің басында ЖЭО-2 жаңғыртуға байланысты көп жылғы проблеманың шешімі үшін алғыс айтты. Таңдалған нұсқаға – табиғи газға ауыстыруға байланысты шығарындылар көлемі 38 мың тоннадан 6 мың тоннаға дейін азаяды. Бұл болашақта Алматы қаласының ауасына үлкен әсерін тигізеді. Жоспарға сәйкес, 2025 жылы ЖЭО-2-нің барлық 8 блогы табиғи газға көшіріледі.
ЖЭО-3 жаңғыртуға қатысты әкімнің жұмыстың басталғанын атап өтті, қаржыландыру көзін анықтау мәселесі шешілуде.
Жеке секторды газдандыру туралы баяндай отырып Б. Сағынтаев бүгінде қала тұрғындарының 99%-ы газбен қамтамасыз етілгенін айтты. Газға қосылмаған үйлердің жалпы саны - 1848 үй. Негізінен оларда магистралдық құрылыстар жоқ. Әкімдік «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-мен 1,5 жылға 0% несие беретін келісім жасасты. Аз қамтылған отбасылар үшін әкімдік демеушілерді тарта отырып, құрылыстар жүргізеді. 2021 жылдың соңына дейін барлығы газға ауыстырылады.
Сонымен бірге, қалаға іргелес орналасқан аудандарда 80 мың абонент, негізінен батыс, шығыс және солтүстік бағытта орналасқан аудандар көмір жағады. Бұл мәселені шешу де кешенді тәсілді қажет етеді.
Қалада 530 мыңға жуық автокөлік тіркелген, басқа өңірлерден тағы шамамен 250 мың көлік кіреді, мұның барлығы қаланың экологиясына орасан үлкен салмақ түсіреді.
Осыған байланысты, қалада ауқымды көлік реформасы жүргізілуде. Дамыған елдердің тәжірибесі бойынша негізгі бағыт қоғамдық көлік болып отыр.
Тамыз айынан бастап дизельмен жүретін қоғамдық көлікті сатып алуға тыйым салынды.
«Медеу-Шымбұлақ» бағытында «Оператор РОП» ЖШС-мен бірлесіп, табиғи ландшафтқа түсетін антропогендік жүктемені азайту үшін электр машиналарын сатып алу жүргізілуде.
«Сондай-ақ басқа қалалардан келетін көлік көбіне экологиялық нормаларға сәйкес келе бермейді. Тек 2020 жылдың өзінде 10 экобекеттің қызметкерлері 33 мың айыппұл салды. Мұнда да жұмыс күшейтіліп, қалаға кіре берістегі экобекеттердің саны арттырылуда. Осылайша, шығарындылар көлемін бақылау мен өлшеу үшін қала периметрімен 19 экобекетті орналастыру жұмысы жүргізілуде», — деді Алматы қаласының әкімі.
Қаланың жасыл қоры 2,3 млн астам жасыл желекті құрайды. Алматыда 3 жылдың ішінде 1 млн жасыл желек отырғызылады. Осының арқасында, оттегіні шығару 150%-ға және жылына 118 млн тоннаға ұлғаятын болады. Бұл шаралардың барлығы шығарындылардың көлемін жылына 40 мың тоннаға азайтуға мүмкіндік береді.