Қазақстандық омарташылар аралардың жаппай қырылғанын айтып, дабыл қақты

Primary tabs

Мау 03, 2021 / 0 комментарии

Қазақстанда ауыл шаруашылығын жаппай дамыту аралардың қырылуына әкеп соқтыруы мүмкін. Мұндай болжамды ел омарташылары айтып отыр. Олар бал арасының түрлі химикаттармен өңделген өсімдіктерді тозаңдата алмайтынын алға тартып, дабыл қақты. Салдарынан омарташылар шығынға ұшырап, елдегі бал арасының саны күрт төмендеуі мүмкін деп хабарлайды Хабар 24. 

Омарташылықпен шұғылданып келе жатқан шаруалардың бірі – Алексей Шуркин. Ол бар өмірін бал арасын зерттеуге арнап, 2004 жылы омарташылыққа бет бұрған екен. Бүгінде шаруа 100-ден астам омартаны күтіп-баптап отыр.

"Біз үшін соңғы жылдары аралардың қырылуы үлкен мәселе болып тұр. Бал араларының жаппай қырылуының басты себебі – майлы дақылдарды көптеп егу. Мысалы осындай дақылдарды егетін шаруалар оны өсіремін деп түрлі химикаттарды өсімдік алқаптарына себеді. Ал бізді әрине ол жайлы хабардар етпейді. Сөйтіп оларды тозаңдатуға барған аралар әлсіреп, әлжуаз болып қалады. Ал қыста соның салдарынан қырылып қалып жатады", - дейді ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Алексей Шуркин.

Мамандар да әлем бойынша бал араларына жойылып кету қаупі төніп тұрғанын айтады.

"Аралардың қырылуына ауыл шаруашылығы жұмыстарына пестицид, гербицид сияқты түрлі қоспаларды қолдану тікелей әсер етіп отыр. Аралар санының азаюы 20-шы ғасырдың екінші жартысына келіп тұр. Ал Америкада тіпті 18-ші ғасырдың соңында аралардың 40%-ы қырылып қалған дейді",- биоалуандылық бойынша сарапшы-маман Арай Белгібаева.

Ал омарташылар болса омарташылық қызметті заңдастырғанын сұрап отыр. Олардың айтуынша, бал араларын ерекше қорғауға алып, жойылып бара жатқан жәндік ретінде "Қызыл кітапқа" енгізсе де артық етпейді. Бастысы - олардың популяциясына адамдар тежеу болмаса болды дейді омарташылар.

"Жергілікті әкімдік, шаруалар мен омарташылар арасында түсіністік болу керек. Сонда ғана шаруалар өз алқаптарын алаңсыз өңдеп, бір-бірімізге бөгет болып, шығынға ұшыратпай өз шаруашылықтарымызды одан ары дамытуға мүмкіндік туады",-дейді Алексей Шуркин. Зерттеушілердің айтуынша, бал аралары 2035 жылға қарай жер бетінен жойылуы мүмкін екен. Ғалымдар егер адамзат олардың қырылуына қазірден тосқауыл қоя алмай, олардың жойылу көрсеткіші популяциядан 20%-ға асып түсетін болса, адамзат балдан айырылып қалуы ықтимал екенін жеткізді.