Қапшағай су қоймасы карантинге жабылды

Primary tabs

Мау 08, 2020 / 0 комментарии

Қапшағай су қоймасына кіретін жолдарға блок-бекеттер қойылды.

Капшағай көлі демалушылар үшін жабық. Жағалауға баратын кірме жолдардың бәріне мобильді блок-бекеттер қойылды. Демалушыларға арналған Қапшағай су қоймасын жабу аймақтағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты шешілген. Алматы қаласынан 60 шақырым жерде орналасқан демалыс аймағының енді қашан ашылатыны белгісіз.

«Қапшағай қаласы жабылып жатқан жоқ, біз Қапшағай су қоймасына кіретін жолдарды жауып жатырмыз. Себебі, коронавирус инфекциясы таралуда. Қапшағай су қоймасының жағасын жауып тастау туралы шешім қабылдадық. Өйткені, өткен демалыс күндері ол жерде демалушылар өте көп болды және олар әлеуметтік қашықтық сақталмады. Сондықтан кірме жолдарға мобильді қоршау орнаттық. Мобильді постарға жолдағы бетон қоршаулар мен кезекші полиция қызметкерлері кіреді. Олар (мобильді постар – ред.) арнайы тапсырма шыққанға дейін тұрады», - деді Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жукел.

Алматы облысының кейбір өңірлерінде карантиндік режим қайта күшейтілді. Аймақта COVID-19 вирусын жұқтырған 426 жағдайы тіркелді. Соңғы аптада вирустың тарау қарқыны 4,5% құрады. Ал, карантин шаралары жеңілдетілгенге дейін бұл көрсеткіш 2,5% -дан аспаған еді.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы облысы

дереккөз: Azattyq Rýhy