Қарасайлық 1240 түлек ҰБТ тапсырды

Primary tabs

Нау 29, 2019 / 0 комментарии

Биыл Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен Ұлттық бірыңғай тестілеудің 4 кезеңі бекітілген болатын. Қаңтар, наурыз, тамыз айларында өтетін тестілеуге қатысу арқылы оқуға түскісі келетін түлек ЖОО-ның ақылы бөліміне құжат тапсыра алады. Мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау бойынша өтетін конкурсқа қатысу үшін  2019 жылғы маусым-шілде айларында өтетін Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу міндеттеледі. Бұл ретте, ҰБТ форматы еш өзгеріссіз қалатынын атап өткен жөн. Оқуға түсуші дәстүрлі түрде 3 міндетті пән (Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы) және 2 бейіндік пән бойынша сынақтан өтеді.

Ауданымыздағы Ұлттық бірыңғай тестілеудің екінші кезеңі наурыздың 28 және 29 күндері өтті.

 Ал, білім сынағының ақылы бірінші кезеңі қаңтар айында Алматы қаласындағы Нархоз университетінде болған еді. Оған Қарасай ауданынан 242 үміткер қатысты.

Аудандық білім бөлімінің берген мәліметіне қарағанда, тестілеуге  1253 білімгер өтініш білдіріп, олардың 1240-і бақ сынаған. Бірінші күні 680, екінші күні 560 оқушы өзі білімін тексерген. Нәтижесінде, жоғарғы балл 122-ны төменгі балл 38-ді  құраған.

Енді, грант иегері атануға ниетті білімділер тек қана маусым айында тапсырған ҰБТ нәтижесімен ғана конкурсқа түсіп, бағын сынай алады.  Мәселен, маусым айларынан бөлек басқа айларда 130 ұпай алып, маусым айында 51 ұпай алып қалса, ол жоғары алған 130-бен конкурсқа түсе алмайды.

Сөз соңында, аудандағы тестілеу өткізу пункті Қаскелең қаласындағы Белинский орта мектебінің базасында орналасқандығын айта кеткен жөн. Барлық аудиториялар 16 бейнебақылау камерасымен, алты металліздегішпен, 12 ұялы телефондардың сигналдарын басатын құрылғылармен жабдықталған.