"Қарлығашта" біраз мәселе қылаң берді

Primary tabs

Қаң 27, 2019 / 0 комментарии

 Қаскелең қаласында жаңадан бой көтерген «Қарлығаш» ықшам ауданының қолданысқа берілгеніне көп бола қойған жоқ. Дегенмен мұнда мекендеушілерді алаңдататын мәселелер әлден пайда бола бастағандай.

Мысалы, осы аптада редакциямызға аталған кешені тұрғындарынан үш хат келіп түсті. Біз өз кезегімізде жұртшылықтың жан айқайына бей-жай қарай алмай, қойылған сұрақтардың жауабын алуға тырыстық. Сонымен, ретімен баяндайтын болсақ:

Бірінші хаттың иесі көпқабатты үйдің арты қоқыс үйіндісіне айналып бара жатқаны жайлы баянап, мәселені шешуімізді өтінді. Ақпараттың қаншалықты растығын анықтау мақсатында біздің жеке блогерлеріміз де оқиға орнына барды. Жапсарлас орналасқан № 1 және №2 үйлердің артындағы көрініс шынымен де көңіл көншітерлік емес. Арасында тұрмыстық қалдықтар да бар болғанымен, көбі құрылыс заттарының қорапшалары, қоқыстары. Төбеден тасталып жатқан ауыр заттар бейнежазбаға да анық түсіп қалған.

Ықшам ауданның шаруашылық қызметіне жауапты «Қарлығаш-сервис» ЖК басқарушысы Айнұр Абдильдаева аталған мәселе бойынша, негізінен бұл үйіндіде соңғы құрылыс жұмыстары жүріп жатқан №2 үйден шыққан қоқыстар екенін айтты. Ал, тұрмыстық қалдықтарға келетін болсақ, оларды қоныстанып үлгерген №1үйді мекендеушілер өздері тастауда. 

 Бір-екеуін тіпті ұстап алып, жазалағысы келген екен, кешірім сұраған соң босатыпты. Мекеме басшысының айтуынша, осы қаңтардың соңына қарай жөндеу жұмыстары аяқталса, құрылысшылар барлық қоқыстардың көзін құртпақ. Яғни, шағымданушыларға тек сәл шыдап, көршілерін тәртіпке шақыру қажет.

Екінші хатта №5/2 үй тұрғыны өз пәтеріне ұрылар кіріп, барлық бағалы заттарын қолды қылғанын сөз етті. Коммуналдық қызмет үшін әр шаршы метрге 52 теңгеден төлейтінін айтқан шағымданушы неліктен үйде бейне-бақылау камералары орнатылмағанын бізден сұрады. Ал, өз кезегімізде біз бұл сауалды жауапты мекемеге жолдадық.

Айнұр Ермеханқызының айтуынша, жиналатын ақшаға үйдің күзетшілері мен бақылау камерасы кірмейді екен. Онда еден жуушының, аула сыпырушының және жылытуға жауапты қазаншылардың айлығы кіреді. Ал, дәл осы үйге бейнебақылау камералары көктемде орнатылады. Орнатылған соң ол үшін тұрғындар бөлек төлем төлейтін болады. Коммуналдық қызмет басшысы өз кезегінде тұрғынның ұрлық жайында дереу хабарлап, өзінен көмек сұрамағанына қапалы. Ертерек естігенде қандай да бір көмегім тиер ме еді, деген ойда.

Үшінші хат иесі кешен аумағында қаңғыбас иттердің толып жүретінін айтқан. Тіпті, бейсенбі күні түс кезінде баласын қауып ала жаздаған.

Бір қуантарлығы тұрғын үй кешенінің шаруашылық қызметіне жауапты мекеме басшысы бұл мәселені шешуге жедел кірісіп, ит аулаушыларды шақыртқан. Ал, кешеннің толықтай қоршалмауының себебін Айнұр Ермаханқызы құрылыс жұмыстарының толық бітпеуімен, ауыр техникалар үздіксіз кіріп-шығып жатқандығымен түсіндірді.