Қарғалы аудандық ауруханасының бас дəрігері қайтыс болды

Primary tabs

Тмз 01, 2020 / 0 комментарии

Қарғалы аудандық ауруханасының бас дəрігері, аудан халқының денсаулығы күзетінде ұзақ жылдар бойы жемісті қызмет атқарған «Жамбыл ауданының құрметті азаматы» Сертай Сейфоллаұлы алпыс үш жасында өмірден өтті.

Сағиев Сертай Сейфоллаұлы – 1957 жылы қазанның 28-де Шығыс Қазақстан облысының Риддер (бұрынғы Лениногорск) қаласында туған.
1980 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының стоматология факультетін бітірген соң Алматы облыстық клиникалық ауруханасына интерн-дəрігер болып қызметке орналасып, осындағы тəжірибелі мамандардан хирург-стоматолог мамандығын жетілдіре меңгерді.
1981-1986 жылдары Қарғалы аудандық ауруханасының дəрігер-стоматологы, 1986-1991 жылдары Жамбыл аудандық орталық ауруханасы стоматология бөлімінің меңгерушісі, 1991-1997 жылдары аудандық стоматология емханасының бас дəрігері, 1997-2005 жылдары «Алмас-Мед» ЖШС медициналық орталығының директоры, 2005-2009 жылдары Жамбыл аудандық ауруханасы бас дəрігерінің орынбасары, 2009 жылдан күні кешеге дейін Қарғалы аудандық ауруханасының директоры-бас дəрігері қызметін зор жауапкершілікпен атқарды.

Сертай Сейфоллаұлы қай ортада жүрсе де өзінің нағыз ер азаматқа тəн адамгершілігімен танылған майталман медицина маманы екенін дəлелдеді. Талмай ізденді, басшылық жауапкершілігіне өте ұқыпты болды. Осынау жемісті қызметінің нəтижесінде 2013 жылы Қазақстан Республикасы «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен, 2016 жылы «Қазақстан Республикасының тəуелсіздігіне – 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталып, «Жамбыл ауданының құрметті азаматы» атанды. Жамбыл ауданы мен Алматы облысының басшылығы тарапынан бұдан басқа да көптеген Құрмет Грамоталары мен Алғыс хаттарға ие болды.

Марқұмның отбасы мен туған-туыстарының орны толмас ауыр қазасына ортақтасып көңіл айтамыз...

 

@zhambyl_audany