Қаскелеңдегі заңсыз ойын автоматтары жаппай алынып жатыр

Primary tabs

Шлд 29, 2019 / 0 комментарии

Соңғы бір ай көлемінде Қарасай ауданында көлеңкелі ойын бизнесіне қарсы күрес күшейе түскен. Кезекті тексеру барысында облыстық экономикалық тергеу департаментінің мамандары тағы да үш к заңбұзушылықты анықтады, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі. 

 Еске сала кетсек, еліміздегі «Ойын бизнесі туралы» заңнамаға сәйкес, бүгінде казино мен ойын автоматтарына Қапшағайда және Ақмола облысының Щучье ауданында ғана рұқсат берілген.

Ал осы салада қызметті заңсыз ашу немесе ұйымдастыру, құмар ойын үшін жалға үй-жайлар беру, қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады. Максималдық жаза мүлкін тәркілеп, жеті жылға дейінгі бас бостандығынан айыруды көздейді. Департамент баспасөз қызметінің берген мәліметіне сүйенсек, 6 ай ішінде, облыс көлемінде 19 құқық бұзушылық тіркелген. Олардың екеуі Қарасай ауданына тиесілі. Заңсыз айналымнан 81 ойын терминалы, интернет казино болып есептелетін 155 компьютер алынған. Үй-жайлардың меншік иелеріне 175 хабарлама берілген. Түсіндіру жұмыстары әлі де жалғасуда.

Дегенмен, оңай олжадан қол үзуді қаламайтын кәсіпкерлер де жоқ емес. Қаскелең қаласындағы бір екі қабатты ғимараттың астыңғы қабаты көлік жуу орны болса, үсті компьютер клубы. Кіре берісіне ойын автоматтары да қойылған. Экономикалық тергеу департаментінің мамандары мұнда бұған дейін де келіп, апараттарды алып тастауды сұраған. Дегенмен, кәсіпкер құзырлы орган ескертуін елемей, заңды белшесінен баспақ болған. Бұл әрекеті жедел уәкілдердің kaskelenkz-пен бірлесе жасаған тосын тексеруі барысында әшкере болды. Автоматтар лезде орнынан алынып, заңсыз әрекеттің жолы кесілді.

Ескеретін жайт, қазіргі таңда Қазақстандағы лоторея ойындарын ойнатуға рұқсаты бар оператор «Сәтті жұлдыз» АҚ ғана. Олардың құрылғылары мынандай көк түсті. Ал, Кено атты жасыл-сары түсті терминалдардың жұмысына қатаң тиым салынған. Келесі барған мына дүкенде ойын құрылғылары жиналып тұрды. Сатушы оны бір жігіттің уақытша қойып қойғанын айтып ақталды. Бірден телефонын алып, тексерушілер келгенін хабарлады.

 Департамент қызметкерлері, сондай-ақ, Іргелі ауылында орналасқан бір дүкенге де ойын терминалдары бар екенін анықтап, кәсіпкерге оны жедел алып тастау керектігі жөнінде ескерту қағазын тапсырды.

  Мамандардың болжамынша, осындай ойын автоматтарына күніне 100 мыңға дейін ақша түседі. Себебі, қайтсем де оңай олжаға кенелем деген адам қалтасындағы барды онда қалай түгелдей салып жібергенін байқамай қалады.

Бұл құмар ойындар, әсіресе, талай жастың болашағына балта шауып жатқандығы да жасырын емес.

Сондықтан, заңсыз ойын автоматтарын көрген жағдайда, 8 (727) 251 71 06 сенім телефонына хабарласуды ұмытпаңыз.