"Қолтаңбасын қалдырды": Президент Есенғали Раушановтың отбасына көңіл айтты.

Primary tabs

Сәу 16, 2021 / 0 комментарии

Мемлекет басшысы көрнекті ақын Есенғали Раушановтың отбасына көңіл айтты деп хабарлайды Kaskelen.kz порталы Берік Уәлидің Facebook желісіндегі парақшасына сілтеме жасап. 

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көрнекті ақын, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты Есенғали Раушановтың қайтыс болуына байланысты оның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады. "Есенғали Әбдіжаппарұлы бірқатар газет-журналдарда қызмет жасап, рухани-мәдени саланың өркендеуіне үлес қосты. Ширек ғасырдай уақыт бойы «Жазушы» баспасының директоры болып, қазақ әдебиетінің құнды дүниелерінің жарыққа шығып, халыққа кең таралуы жолында мол еңбек сіңірді.Ақын ретінде қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Өр рухты өлеңдері мен поэмалары оқырмандар тарапынан жоғары бағасын алды. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат болсын", – делінген жеделхатта. 

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін қазақтың аса көрнекті ақыны, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты Есенғали Раушанов дүние салғанын жазған едік. Есенғали Раушанов 1957 жылы 5 қазанда Қарақалпақстанда Хожелы қаласында өмірге келген. 1976 — 1980 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Еңбек жолын Өзбекстанның Жызақ облысы Мырзашөл ауданындағы "Достық" газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып бастаған. Әр жылдары "Жалын" журналында бөлім меңгерушісі, "Арай" журналында поэзия бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, "Зерде" (бұрынғы "Білім және еңбек") журналының бас редакторы (1988 — 95), 1995 жылдан "Жазушы" баспасының директоры қызметтерін атқарды.