Қызылорда қаласының әкімі қаламгерлермен кездесті
Primary tabs
Қала әкімі Ғанибек Қазантаев Сыр журналистерімен кездесті. Кездесуге өңіріміздегі журналистика саласының ардагерлері, республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.
Қаладағы өзекті мәселелер мен ақпараттандыру саласындағы түйткілді тақырыптар талқыға түскен басқосуда шаһар басшысы еліміздің даму тарихындағы небір қиын-қыстау кезеңдерде мемлекеттік саясаттың бастамасымен қолға алынған әрбір шараны қолдай отырып, қоғамда орнықты ой-пікір қалыптастырып, халық пен билік арасындағы алтын көпір бола білген қаламгерлерге алғысын жеткізді.
Сондай-ақ, «Талғамы өскен, танымы тереңдеген оқырман мен көрерменге лайықты қызмет етіп, көптің санасына зерделі ой салып, өнегелі тәрбиені насихаттап, еліміздің жарқын жетістіктерін, жеңістерін тарих бетінде қалдыру да жаңалық жаршысы, жақсылықтың хабаршысы болған журналистердің еншісінде», - деп сөзін жалғаған қала басшысы билік пен бұқара арасына дәнекер болу міндетін арқалаған бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің еңбегіне халықтың берер бағасы да жоғары екендігін ерекше атап өтті.
Одан әрі қаламгерлер өзекті мәселелерді сөз етіп, еркін пікір алмасып, қаламызды дамыту бағытындағы тұщымды ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды. Мәселен жиында Белкөл кентінен 4 шақырым жерде орналасқан қоқыс полигонының зиянын азайту, қоршаған ортаны қорғауға қатысты нақты шараларды қабылдау мәселесін Айткүл Шалғынбаева, Нұрлан Көбегенұлы, Нұрлан Жақыпбек сынды белгілі тілшілер қала басшысының назарына ұсынса, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Қызылорда облыстық филиалы төрағасы Сәдуақас Аңсат қоғамдық көліктегі жолақы жайын айтты.
Жиын соңында шаһар басшысы «Бүгін көтерілген әрбір бастаманы жүзеге асыру жолында қаламгерлермен бірлесе жұмыс атқарып, қоғамды толғандырған түйіткілді мәселелердің түйінін бірге тарқататындығымызға сенім білдіремін», - деді. Сонымен қатар алдағы уақытта бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен тағы да кездесіп, бүгінгі көтерілген мәселелердің шешілу барысын талқылайтындығын жеткізді.