"Үйдің шатырларын жұлып әкетті": Дүлей дауыл Ақмола облысындағы ауылдардың астаң-кестеңін шығарды

Primary tabs

Шлд 27, 2021 / 0 комментарии

Ақмола облысында дүлей дауыл болып, бірнеше ауыл электр жарығынсыз қалды. Бұған қоса алапат жел елдімекендердегі үйлер мен гараждардың шатырларын жұлып әкеткен жазады Sputnik Қазақстан.

Басылымның мәліметінше, кеше болған дауылдан Степногорск қаласына жақын орналасқан ауылдар қатты зардап шеккен. Мәселен өңірдегі Бестөбе ауылында түсірілген видеодан дүлей дауыл ағаштарды тамырымен жұлып, үйлер мен гараждар шатырсыз қалдырғанын көруге болады. "Гаражым жоқ! Мына ағашты қара! Көліктің капотын майыстырып тастапты.

Алдыңғы шынысы сынған", - дейді видео авторы. Кейін белгілі болғандай, Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаменті таратқан мәліметке сәйкес, аталған ауылда үш үйдің шатыры қираған екен. Сол сияқты Степонорск қаласына жақын жердегі Изобильное ауылында бұдан да қатты жел тұрған.

Осылайша 25-ші шілде күні кешкі сағат 18:00-дің кезінде желдің жылдамдығы секундына 25-30 метрге дейін жетіп, салдарынан ауылдағы электр бағаналары құлаған.

Сондай-ақ ондағы 147 үйдің жарықсыз қалғаны белгілі болды.

"Сонымен бірге қатты жел бірнеше үйдің шатырын жұлып әкеткен. Бір үйдің шатыры толығымен ұшып кетті, 29 үйде жартылай бұзылды. 17 электр бағанасы құлаған. Бұдан бөлек, ауыл клубының 20 шаршы метр, ал қазандық тұрған құрылыстың 100 шаршы метр аумағында шатырды жұлып әкетті", - дейді құтқарушылар.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, дауыл кезінде жарақат алған және қайтыс болған адамдар болмаған. Қазіргі таңда жергілікті әкімдіктің жанынан арнайы комиссия құрылып, мамандар апаттың шығындарын есептеп жатқан көрінеді.