ҰБТ-дан ең жоғарғы нәтиже көрсеткен кім?
Primary tabs
Еліміздегі ҰБТ-дан биылғы оқу жылында 140 балл жинаған алғашқы түлек анықталды. ҰБТ сұрақтарының барлығына дұрыс жауап берген түлектің есімі — Уәлиев Данияр Арманұлы. Ол Павлодар облысы әкімдігі мен білім басқармасының «Дарынды ер балаларға арналған „Білім инновация“ лицей-интернатын» тәмәмдап отыр деп жазады kaskelenkz тілшісі.
⠀
Аталған лицей-интернат директоры Рахим Уркимбаевтың хабарлауынша, биыл мектепті 50 оқушы аяқтайды. Солардың бірі Данияр Уәлиев өзінің білімділігімен, белсенділігімен және спортқа деген қызығушылығымен көзге түскен.
⠀
«Біздің лицейімізде тек қана ер балалар оқиды. Сондай-ақ, мектебіміз жаратылыстану пәндерін тереңдетіп оқуға арналған. Оқушылар бес пәнді, яғни, математика, физика, биология, химия және информатика пәндерін ағылшын тілінде оқиды. Қазіргі таңда жалпы есебі 260 оқушы білім алуда.
⠀
Ал биылғы түлектерге тоқталар болсам, олардың барлығы да республикалық олимпиадаларда, ірі білім жарыстарында көзге түсіп жүр. ҰБТ-дан 140 ұпай жинап, қуанышымызды еселеп отырған Данияр да өте білімді оқушылардың бірі. Ол жүзуден спорт шеберлігіне үміткер, Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландинмен бірге дайындалған. Сондай-ақ, „Алтын белгіге“ үміткер», — дейді мектеп директоры.
⠀
«Білім инновация» лицейінің түлектері алғашқы екі тоқсанды қашықтан оқығын.
⠀
«Бірінші және екінші тоқсанды онлайн оқыса да, біз оқушыларды топтастырып, арасында мектепте дайындап жүрдік. Одан бөлек, қысқы демалыс кезінде оларды ҰБТ-ға мақсатты түрде дайындай бастадық. Қалған екі тоқсанды лицейге келіп оқыды. Мұғалімдер мен оқушылар бірігіп, мақсатты түрде жұмыс істеген соң, осындай жоғары нәтиже тіркеп отырмыз», — дейді Рахим Уркимбаев.