"Әйеліңмен ажырасып, қайта қосыл". Қытайдан келген қазақты құжат әуресі шаршатты

Primary tabs

Шлд 02, 2021 / 0 комментарии

Қытайдан атамекенге қоныс аударған қазақтардың кейбіріне зейнетақы рәсімдеу, туу туралы куәлік алу машақатқа айналды. Олар Қазақстан билігі "құжатыңды Қытай растасын" деген талап қойғанын айтады. Қытай консулдығы бұл мәселеге байланысты сауалға жауап бермейді.

"ҚҰЖАТТАРЫҢДЫ ҚЫТАЙҒА РАСТАТЫП КЕЛ"

76 жастағы Қадуан Бағай қазір Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Ұзынағаш ауылында тұрады. 2019 жылы ересек төрт баласымен бірге Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі Іле Қазақ облысы Толы ауданынан Қазақстанға қоныс аударған. Бір баласы Қытайда қалған.

Қадуан Бағай былтыр Қазақстан азаматтығын алған. Мемлекеттен зейнетақы алуға құжат жинап, оны Жамбыл аудандық халыққа қызмет көрсету орталығына өткізген.

Кейуана өздігінен жүре алмайтындықтан, құжаттарды реттеумен келіні Зерде Қамалбек айналысып жүр.

– Бірнеше күннен соң Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Алматы облыстық департаменті "Балаларыңыздың өзіңіздікі екенін растатып, туу туралы куәлігіне Қытайға барып немесе Қытайдың Қазақстандағы консулдығынан мөр бастырып әкеліңіз" деп құжаттарды қайтарып берді, – дейді Зерде Қамалбек.

Қадуан Бағайдың атамекенге бірге көшіп келген төрт баласы да Қазақстан азаматтығын алған.

– Қытай консулдығына барғанымызбен бізді кіргізбеді. Тіпті сөйлескісі де келмейді, – дейді Қадуан Бағай.

Осындай әуре-сарсаңмен жүргендер Қазақстанның басқа өңірлерінде де бар.

Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданы Көктасты ауылынан Азаттыққа телефон шалған Сәлеш Қапасұлының жасы 71-де. Қария 67 жастағы зайыбы екеуі зейнетақы тағайындатарда Қытайда жұмыс істегенін дәлелдей алмағанын айтып, мұңын шақты.

– Өзім өмір бойы малшы, кемпірім сауыншы болды. Бірақ ол тұста (Қытайда – ред.) біз еңбек кітапшасы дегенді алмадық. Кейін Қазақстанға келген соң зейнетақы тағайындауға "міндетті түрде еңбек кітапшасы керек" деді. Сөйтіп Қытайдан жұмыс істегенімізді растайтын құжат алдырдық. Бірақ оны "жасанды" деп қабылдамай қойды, – деген ол енді не істерін білмей отырғанын айтты.

– Көктемге дейін құжат өткізгендер зейнетақы тағайындатып алды, ал биыл наурыздан бастап "еңбек кітапшаңды Қытай консулдығынан растатып әкел" деген талап пайда болды, – дейді Сәлеш Қапасұлы.

Қазір Сәлеш Қапасұлы мемлекеттен ай сайын 18 мың теңге (шамамен 43 доллар) алатынын айтады. Қазақстанда "Зейнетақымен қамсыздандыру туралы" заңына сәйкес, зейнетке жасы жеткен, бірақ еңбек өтілі жоқ азаматтарға тағайындалатын ең төменгі (базалық) зейнетақы мөлшері биыл 18 524 теңге болып белгіленген. Егер азамат еңбек еткенін дәлелдей алса, оның зейнетақысы қайта есептеледі.