Әрбір балаға 230 000 теңгеден төлеуді ұсынды
Primary tabs
Депутат Айжан Сқақова мәжілістің жалпы отырысында үкімет балаларға арналған барлық жәрдемақыларды біріктіріп, оны Қазақстандағы орташа жалақы деңгейіне көтеруі керек екенін айтты,- деп хабарлайды kaskelen.kz тілшісі.
⠀
Сқақованың сөзінше, елімізде бала күтімі бойынша жәрдемақы мүлдем жеткіліксіз. Мәселен жұмыс істемейтін әйелдер үшін бала күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы:
⠀
бірінші балаға 16 802 теңгені,
екінші балаға — 19 865 теңгені,
үшінші балаға — 22 898 теңгені,
төртінші және одан көп балаға — 25 961 теңгені құрайды.
⠀
«Бұл бір балаға күніне 560 теңгеден 865 теңгеге дейін жұмсалады деген сөз. Ал қамаудағы бір адамның тамағына 1 018 теңге қарастырылған. Баланың анасына жәрдемақыда ақша қарастырылмаған», — дейді ол.
⠀
Депутаттың айтуынша, 2021 жылдың І тоқсанында бір жұмыскердің орташа айлық атаулы жалақысы 230 829 теңгені құраған. Бұл дегеніміз — егер ерлі-зайыптылардың біреуі ғана жұмыс істесе және үш баласы болса, онда әрқайсысына 46 мың теңгеден беріледі.
⠀
«Бұл өте аз. Осыншама аз мөлшерде есептелген балаларға арналған жәрдемақы бұл жағдайды реттей алмайды. Азық-түлік, киім-кешек, дәрі-дәрмек, ойыншықтар, кітаптар қанша тұратынын бәріміз білеміз. Сонымен қатар, әр отбасында коммуналдық пәтер немесе несие төлеу сияқты басқа да көптеген шығындар бар», — дейді Айжан Сқақова.
⠀
Сондай-ақ, депутат халықтың осал тобы үшін баспана қол жетімді еместігіне назар аударды. Оның дерегінше, Алматыда 26 мыңнан астам отбасы баспана кезегінде тұр. Тұрғын үйді күтудің ең аз мерзімі 10 жылдан асады.
⠀
Сқақова қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар жеткіліксіз деген пікірде екенін де жасырмады.
⠀
«Қазақстан Халық партиясы өзінің сайлауалды бағдарламасында әрбір отбасы үшін 20 сотық жер беру керек деп мәлімдеді. Мұны ауылдық жерлерде бірінші кезекте осал санаттар үшін — көп балалы, толық емес, аз қамтылған отбасылар, сондай-ақ мүгедек балалары бар отбасылар үшін жасау керек. Бүгінде олар үшін жер телімін алу мүмкін емес», — дейді ол.