"Өз ісінің шебері еді": Әріптестері Шарын шатқалындағы селден көз жұмған мұғалім туралы айтты

Primary tabs

Мамыр 31, 2021 / 0 комментарии

Шарын шатқалында селден қаза тапқан мұғалім Алматыдағы №199 гимназияда жұмыс істеген. Куәгерлердің айтуынша, қайғылы оқиға кезінде ол балаларға көмектескен деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. 

Алматы қалалық білім басқармасы ұсынған ақпаратқа сәйкес, сел кезінде көз жұмған мұғалім- 26 жастағы Мерей Ибрагимов. Ол көркем пәндерден сабақ берген. Жұмыс өтілі – 5 жыл. Оның 3 жылында Алматы қаласындағы №199 гимназияда жұмыс істеген. Әріптестерінің айтуынша, Мерей өте жауапты маман болған. "Барлық оқушының сүйікті ұстазы, өз ісінің шебері еді. Ерекше шығармашылық адамы, көшбасшы, мақсаты айқын ұстаз болатын. Жан-жағындағыларға күлкі сыйлап жүретін", - дейді марқұмның әріптестері.

Еске сала кетсек, 29 мамырда Алматы облысының Шарын шатқалында сел жүріп, 2 адам мерт болып, тағы 6 адам зардап шеккені хабарланған болатын. 

Кейін еліміздің білім және ғылым министрлігі аталған оқиға салдарынан 1 оқушы мен 1 мұғалімнің қаза тапқанын мәлім етті.

"Өкінішке орай, келіп түскен ақпаратқа сәйкес, экскурсияға барғандардың арасында Алматы қаласындағы №199 гимназияның 8 оқушысы болған. Оларды 5 ата-ана мен 3 мұғалім ертіп жүрген. Қайғылы жағдай салдарынан 1 оқушы мен бейіндік пән мұғалімі қайтыс болды. Қаза болғандардың отбасыларына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз және зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілейміз", - деген еді ведомство хабарламасында.