4 автокөлік тігілген аламан
Primary tabs
Қарасай ауданының 90 жылдығына орай өткен ұлттық ат спорты ойындарына 4 автокөлік тігілді, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі.
Торқалы тойдың құрметіне, аудан әкімінің кубогы үшін сайысқа түсіп, су жаңа темір тұлпардың кілтін алу үшін түрлі өңірлерден 49 шабандоз жиналды.
"Нұрдәулет" атшабарындағы жүйріктер жарысы үш бөлімнен тұрды: 11 шақырымдық құнан бәйге, 16 шақырымдық топ бәйге мен 24 шақырымдық аламан бәйге.
Құнан бәйгеде қарасайлық Ерсұлтан Нұрболұлының Қарлығаш есімді сәйгүлігі өзінің қарсыластарын шаң қаптырып, иесіне су жаңа көлік сыйлады. Ал, топтық бәйгеде 19 үміткер бақ сынады. Дегенмен, Нұрсұлтан қаласынан келген Нұрдаулет Әкімжановтың "Астана" есімді сәгүлігі оза шауып, 1-ші орынды қанжығасына байлады. Ол да автокөлікке ие болды. Аламан бәйгеде шабандоздар 25 шақырымды шауып өтулері керек еді. Мұнда 15 спортшының ішінде 6-шы айналымның өзінде 10-ға жуығы ғана қалды. Барлығы 12 жарым айналым еді. Күш жігерін толық жұмсаған шабандоздардың қатары 10-шы айналымда сегізге түссе, соңғы сәтте мәреге келген жеті спортшының ішінен Қызылорданың тумасы Бердібек Мұқановтың жүйрігі топ жарды. Бас жүлдеге тігілген автокөлік осы азаматқа бұйырды.
(Бәйгені Kaskelenkz ютубарнасынан көре аласыздар)