"8 адам зардап шекті": Атырауда автобус жантүршігерлік жол апатына түсті

Primary tabs

Сәу 23, 2021 / 0 комментарии

Атырауда Теңіз-Құлсары тас жолында мердігерлік ұйым жұмысшылары отырған "ПАЗ" автобусы көлік цистернасымен соқтығысып қалды. Салдарынан 8 адам зардап шеккен. Жол-көлік оқиғасына қатысты Атырау облысының полиция департаменті пікір білдірді деп хабарлайды Kaskelen.kz.

Оқиға орнынан видео әлеуметтік желіде тарады. Оны куәгерлер түсірген. Видеодан жұмысшылар отырған автобустың терезелері сынғанын байқауға болады. Ал оқиға орнында полиция көлігі мен жедел жәрдем көліктері тұр. 

Жол апатының мән-жайын Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Ведомствода оқыс оқиға 22 сәуір күні Жылыой ауданы аумағында болғанын мәлім етті. Жол апатынан 8 адам зардап шеккен. Оларға алғашқы медициналық көмек көрсетілген.

"Қазіргі уақытта ауруханада тек автобус жүргізушісі жатыр. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы 1-бөлігі бойынша тергеу жүргізілуде", - дейді құзырлы орган. 

Айта кетейік, осыған дейін Алматыда Mercedes 1324 жүк көлігі мен №46 автобус соқтығысып қалғанын хабарлаған едік. Жол-көлік оқиғасы Серіков пен Қазыбаев көшелерінің қиылысында болған. Жүк көлігінің жүргізушісі Қазыбаев көшесімен оңтүстік бағытқа қарай келе жатқан. Қиылыста ол солға бұрылмақ болған. Сол уақытта Серіков көшесінің бойымен батыс бағытқа қарай жолаушылар автобусы кетіп бара жатқан. Mercedes жүргізушісінің сөзінше, автобустың оң жақтағы бұрылыс көрсеткіші қосылып тұрған. Ол автобус Қазыбаев көшесіне бұрылады деп ойлап, маневр жасай бастаған. Алайда, автобус қозғалысын жалғастыра беріпті. Ал жүк көлігінің жүргізушісі тоқтап үлгермей, қоғамдық көлікке соқтығысқан. Оқыс оқиғадан бес адам зардап шекті.