9 ай ішінде 25 қарасайлық СПИД-ке шалдыққан

Primary tabs

Қар 21, 2019 / 0 комментарии

 Дәрігерлер жыл сайын ВИЧ-ке тест тапсыруды әдетке айналдыруға шақырады, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі. Ауыр сырқаттың белгілері мен оған қатысты статистикалық мәліметтер Қаскелеңде өткен акция аясында кеңінен айтылды. 

Елімізде 2019 жылдың жарты жылдығына дейін ВИЧ инфекциясын жұқтырған 23799 адам тіркелген. Оның ішінде 15 пен 49 жас аралығындағы науқастар саны – 21624. Биылғы жылдың 6 айында ғана 1759 қазақстандықтың қатерлі дертті жұқтырғаны анықталған. Олардың 1149-ы ерлер болса, 610-ы нәзік жандылар. Сол себепті, ақ желеңділер тарапынан әрдайым халық арасында профилактикалық түсіндіру жұмыстары қолға алынады. 

Биыл да Қарасай ауданында 5 қараша мен 5 желтоқсан аралығында «Бәрі де АИТВ туралы» атты акция жүруде. 

Қарасай аудандық орталық ауруханасы жанынан ашылған жастардың денсаулығы орталығы мамандары Алматы облыстық СПИД-ке қарсы орталықтың дәрігерлерімен, «Қарасай «Аяжан» медициналық колледжінің еріктілерімен бірлесе ұйымдастырған шараның шымылдығы Қаскелең қаласындағы «Зәмза» сауда орталығында түрілді. 

Еріктілер флешмоб арқылы тұрғындар көп шоғырланған ортаның назарын өздеріне аударды. Дауыс зорайтқыш арқылы бұл дерт жайында мол мәлімет берілді. Сонымен қатар, акция аясында вич инфекциясының ағзада бар-жоғын 5-10 минутта анықтап беретін жедел-сарапатама ұсынылды. Ақпараттық парақшалар таратылды. 

Алматы облыстық СПИД-ке қарсы орталық мамандарының айтуынша, 9 ай ішінде орталыққа сырқаттанған 249 адам тіркелген. Олардың ішінде 25-і қарасайлық. Бұдан бөлек, есепке алынған 6 нәрестенің біреуі осы ауданның тұрғыны екені анықталған. 

Қысқаша мағлұмат бере кетсек, АИТВ немесе адам иммун тапшылығы вирусы – иммундық жүйе жасушаларына шабуыл жасайтын вирус. Ол ағзаның қорғаныс жүйесіне жауап беретін T-хелперлерді жойып, олардың орнын өздерінің көшірмесімен толтырады. Вирус қанша көп болса адамның иммунитеті де соншалықты төмен болады. Сондықтан ретровирусқа қарсы терапия қабылдамаған науқас жиі ауыратын болады. Денесінде көк дақтар пайда болып, шыққан жараның жазылуы қиындайды.

Емделмеген жағдайда АИТВ жұқтырылған иммун тапшылығы синдромына ұласып кетеді. Бұл кезеңде иммунитет өздігінен инфекцияға қарсы күресе алмайды. Емделмеген адам үш жылға дейін ғана өмір сүреді.

Бұл ауру әр кезеңде әртүрлі симптомдарға ие. Вирус жұқтырғаннан кейін алғашқы 2-4 аптада науқастардың 40-90 пайызы өздерін суық тигендей  сезінеді. Денесі дел-сал болып, тамағы ауырады, тоңып, үсті қышиды, ауыз қуысында жара пайда болып, лимфа бездері ұлғаяды. Иммун тапшылығы вирусын емдеуге болады. Бірақ одан толық айығып кету мүмкін емес. 

Адам иммун тапшылығы вирусы – үкім емес. Оны жұқтырғаннан кейін де өмір бар. Індет тырнағына ілінгендер де отбасын құрып, дүниеге перзент әкеле алады. Тек. Бұл кезде жақындардың қолдауы ауадай қажет. 

Мамандар әр жарты жылда немесе жылына бір рет ВИЧ-ке тест тапсыруды әдетке айналдыру қажеттігін алға тартады. Тексерілу - тұрғылықты жердегі емханада тегін. Вирус анықталған жағдайда ең алдымен ЖИТС орталығына барып тіркелу қажет. Өйткені, ауруды бақылауда ұстаудың маңызы өте зор. 

Есепте тұрған азаматтар кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде ретровирусқа қарсы емді тегін ала алады. АИТВ жұқтырған аналардың балаларына арналған тағамдар мен дәрі-дәрмек тегін беріледі.

Ал, 1 желтоқсан – дүниежүзілік спидке қарсы күн қарсаңында ұйымдастырылған шараға өз үлестерін қосқан жастар өздерінің саламатты өмір салтын қолдайтындықтарын, акцияның пайдалы болғандығын жеткізді