"9 мамырдан бастап ірі қалалар жабылады": Желіде кезекті жалған ақпарат тарады

Primary tabs

Сәу 26, 2021 / 0 комментарии

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде 9 мамырдан бастап елімізде қатаң карантин шаралары қайта енгізілетіні және ірі қалалардың маңына блокпост қойылатыны туралы хабарлама тарап жатыр. Бұған дәлел ретінде теледидардағы жаңалықтардан үзінділер ұсынылуда. Шын мәнінде, бұл хабарлама жалған, ал жаңалық – былтырғы хабар деп жазады Stopfake.kz. 

WhatsApp-пен тараған жаңалықтар шығарылымы 2020 жылы жетінші қарашада жарияланған болатын. Оны "Хабар 24" емес, Ресейдің "МИР-24" телеарнасының тілшілері түсірген. Кадрдан диктордың айын атамай, тек "тоғызынан бастап қаладан кетуге немесе кіруге тыйым салынады" деп айтқанын естуге болады. Осылайша, хабарламада көрсетілген 9 мамыр күнін де ойдан шығарылғанын аңғару қиын емес.

Естеріңізге сала кетейік, елімізде өткен тәулікте коронавирус жұқтырған тағы 2716 адам тіркелді. Олардың дені Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан. Осылайша, қазіргі уақытта Қазақстанда COVID-19 инфекциясы анықталғандар саны 309 116-ға жетіп отыр. 

Одан бөлек, Қазақстанда өткен тәулікте 1799 адам коронавирус індетінен емделіп шықты. Соңғы деректерге көз жүгіртсек, Қазақстан бойынша қауіпті дерттен айыққандардың саны - 263446. Сонымен қатар, үкіметтің онлайн отырысында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қазіргі вакцинацияны ескере отырып, коронавирусқа қатысты жаңа болжамымен бөлісті.

"Оптимистік сценарий бойынша – егер вакцинация кестеге сәйкес жалғасатын болса, бір тәулікте 3 мыңға дейін жұқтырғандар (коронавирус-ред.) тіркеліп, сәуір айының соңында шарықтау шегіне жетеді деп күтілуде. Реалистік сценарий бойынша – бір тәулікте жұқтырғандар 4 мыңға дейін тіркеліп, мамырдың ортасында шарықтау шегіне жетуі мүмкін", – дейді министр.