"Сөз салған қызы қарамады": Алматы облысында оқ тиген ер адамның отбасы болған жайтты баяндады
Primary tabs
Алматы облысы, Қарасай ауданы, Шалқар ауылында ер адамның аяғынан атты деп күдіктелген азаматқа қатысты тың мәліметтер шықты.Күдікті сөз салған қызы қарамай қойғанына ашуланып, қылмысқа барған болуы мүмкін деп хабарлайды Kaskelen.kz.
Жігіт сөз салған қызы қонақтап барған үйге баса көктеп кірген. Зардап шегушінің жары Салтанат Сұлтанованың айтуынша, отағасы сыртта атылған мылтықтың дауысын естіп, араша түсем дегенде оқ жарақатын алған.
"Күйеуімді жайдан-жай атып кетті. Оны құтқарамын деп жүргенде, өзімді жағамнан бұрап ұстап алды. Қашып үлгердім. Ол құдаша, сонымен неше жыл сөйлескен, сөйлескеннен кейін басқа жігітке тұрмысқа шығайын деп жатқан. Сол нашақор жігіт келіп, өш алайын деген шығар деп ойлаймын", - дейді Салтанат Сұлтанова.
Жігіт үй иесін атқаннан бөлек, ішке кіріп ойранды әрі қарай жалғастырыпты. Амалы қалмаған үйдегі адамдар кішкентай балаларымен үй артындағы шарбақтан секіріп қашқан.
"Әрең дегенде жармасып жүріп, әйтеуір бірдеңе қылып шарбақтан секірдік. Балаларды алып жерге қарай лақтырдық. Екінші сіңлім секіріп жатқан кезде қолы кесіліп кетті", - дейді жәбірленушінің қызы Әсел Қайырбаева.
Қолына қару алып бүлік салған күдікті алдымен есіктен кірмек болыпты. Іштен жабық болған соң, оқ атқан. Ол әрекетінен түк шықпаған соң, қаңылтыр шарбақты теуіп ішке баса көктеп кірген көрінеді.
Қазіргі уақытта күдік іздестірілуде. Оған қатысты "Адам өлтіруге оқталу" бабымен іс қозғалған.
"Аталған қылмысты тексеру барысында Қаскелең қаласының 29 жастағы тұрғыны анықталды. Қазір оны қолға түсіру бойынша жедел іздестіру шарасы жүргізілуде. Істің себептері мен мән-жайы анықталатын болады", - дейді Алматы облысы полиция департаментінің ресми өкілі Ақбота Қуанышбекқызы.
Ал жарақат алған Хитқожа Қайырбаев Қаскелеңдегі аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Көп қан жоғалтқан. Жарақаты ауыр болғандықтан, дәрігерлерге сол аяғының жартысын кесуге тура келген.