Мектепте оқушыдан ата-анасы туралы мәлімет сұрау заңды ма?
Primary tabs
Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовпен тұрғындардың кездесуінде қаладағы мектептерде оқушыдан ата-анасы туралы жеке мәлімет сұралатын сауалнама жүргізілетіні айтылды. Министр мектеп әкімшіліктерінің бұл әрекеттері заңға қайшы екенін айтты, деп хабарлайды kaskelen.kz тілшісі informburo.kz сайтына сілтеме жасай отырып.
Тұрғынның сөзінше, бүгінде ата-аналардан мектеп сауалнамаларын толтыру кезінде жеке деректер сұралады.
"Мысалы, қайда жұмыс істейтіні, табысы, несиесі мен пәтері бар ма дегендей сұрақтар кездеседі. Мұндай орынсыз сұрақтарға жауап беру қаншалықты заңды?" – деп сұрады ата-ана.
Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мұның заңсыз екенін айтып, нақты қай мектеп сауалнама жинайтынын сұрады.
"Маған нақты қай мектеп екенін айтыңызшы. Міндетті түрде шара қолданамыз. Білім беру мекемелері ондай сұрақтар қоюына хақы жоқ. Ата-ананың табысы мен несиесі туралы ақпарат жиналмайды да, сұралмайды да. Мұндай ақпаратты сұрайтын болса бізге хабарлаңыздар", – деп жауап берді министр.
Асхат Аймағамбетов мемлекеттік қызметтерді пайдалану кезінде сұралатын жеке деректер ұлттық деректер базасында сақталатынын, жүйе барынша қорғалғанын айта кетті.