Республикадағы алғашқы сервистік әкімдік
Primary tabs
Енді ауыл тұрғындары аудан әкімімен скайп арқылы сөйлесе алады, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі.
Осындай ерекше мүмкіндік Шамалған ауылында ашылған жаңа үлгідегі әкімдікте беріліп отыр. Бұл әлеуметтік нысан жалпы ел көлеміндегі тұңғыш сервистік әкімдік болып табылады!
Мұнда округ тұрғындарына көрсетілетін барлық мемлекеттік қызметтер бір жерге шоғырланып, азаматтарға қолайлы жағдай жасалған. Яғни, бірқатар қызмет атқарушы орган қызметкерлері «Open space» яғни «Ашық кеңістік» қағидасы негізінде жұмыс істейді. Мұндай тәсіл халық пен атқарушы орган арасындағы ашықтықты қамтамасыз етеді және округ әкімінің өз қызметкерлерінің жұмысын бақылап отыруға, сыбайлас жемқорлықты болдырмауға мүмкіндік береді.
Округ әкімі Ержас Тоқстасыновтың айтуынша, әкімдіктің тағы бір артықшылығы - ауыл тұрғындары осында келіп, бекітілген кестеге сәйкес, аудан әкіміне бейнеқоңырау не скайп жүйесі арқылы хабарласып өз сұрақтарын қоя алады. Электрондық кезек таблосы да қарастырылған. Тіпті, көпбалалы аналарға көмек ретінде балалар алаңы жасақталды. Алаң ойыншықтармен жабдықталған, қызмет алушылар енді уайымдамай балаларын осы жерге қалдырып, өз жұмыстарын аяқтай береді.
Әкімдіктің салтанатты ашылуына ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департамент басшысы Серікбай Нұрғисаев пен аудан әкімі Жандарбек Далабаев арнайы қатысып, халық қуанышының куәсі болды. Мекеме ішін аралап көріп, жұмыс барысымен танысты.