Еріктілер әкімдікпен келісімге келді
Primary tabs
Енді Қаскелеңдегі қаңғыбас иттер азаюы мүмкін, деп хабарлайды, Kaskelenkz тілшісі.
18.02.2020 күні ауданымыздағы әсіресе, жан-жануарларды қорғауға күш салып жүрген еріктілер үшін ерекше күн. Себебі, дәл осы күні INUKOBO жануарларды қорғау ассоциациясының өкілі Әсел Табанова мен Қаскелең қаласының әкімі Асқар Мұқашев ортақ меморандумға қол қойды.
Соған сәйкес, енді арнайы мекеме үйдегі иттер мысықтарды тегін қарап, шамадан тыс көбеймеуі үшін оларды пішу, стирильдеу жұмыстарын тегін жүргізетін болады. Бұл игі шара тек Қаскелең қаласы бойынша ғана тегін жүзеге асатынын айта кеткен жөн.
Еске салсақ, Әсел Табанова сияқты бірқатар еріктілер осыған дейін де бірнеше жылдан бері қаңғыбас иттерді азаптап өлтіруге қарсы шығып келеді. Олар бұл мақсатта ауданымыздағы ит аулау және уақытша ұстау изоляторының жұмыстарын сынға алған. Жануарларға жаны ашыған еріктілер қаңғыбас иттер мен мысықтардың шамадан тыс көбеймеуі үшін, піштіру жұмыстарын жүйелі жүргізіп тұру керектігін әкімдіктен талап етіп келген. Енді, міне, ортақ мәміленің нәтижесінде аталған мақсаттағы алғашқы қадам жасалып отыр.