«Тұңғыш Президент жолымен» экспедициясы Елбасының туған жерінен басталды

Главные вкладки

Feb 08, 2020 / 0 комментарии

Бүгін Елбасының туған жері - Алматы облысы Шамалған ауылында «Тұңғыш Президент жолымен» республикалық экспедициясы басталды. Бұл шара Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығының аясында өткізілді. Шамалған ауылындағы «Үшқоңыр» спорт кешенінде ұйымдастырылған шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев пен Алматы облысының əкімі Амандық Баталов қатысты.

 

Жалпы жобаның мақсаты Елбасының қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделін қалыпастырудағы ерен еңбегін насихаттау екенін атап өту керек. Экспедиция мүшелері Тұңғыш Президенттің туған жерінен бастап, оқыған және қызмет еткен аймақтарын да аралап шығады деп жоспарланған.

 

Салтанатты шара “Құлансаз” ансамблінің орындауындағы “Қазағымның қанаты” атты əнмен басталып, жастар ортаға Қазақстан туы мен Ассамблея туын алып шықты. Сондай-ақ Əнұран орындалып, одан кейін экспедицияның символдары ретінде экспедиция туы мен күнделігі ортаға əкелінді.

 

Алғашқы сөз облыс əкімі Амандық Баталовқа берілді. Елбасының теңдессіз жобасы Қазақстан халқы Ассамблеясының ел өміріндегі маңызына тоқтала келе, облыс әкімі Ассамблеяның 25 жылдығының беташары болған осы экспедицияның Жетісудан, соның ішінде Тұңғыш Президентіміздің туған жері Шамалған ауылынан басталғаны зор мақтаныш екенін айтты.

 

- Ассамблея мерейтойы аясында ұйымдастырылып отырған бұл экспедицияның мәні зор деп білемін. Бұл шара Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың дүниеге келген өлкесінен бастап, жүріп өткен жолдарын, тәуелсіздікті қалыптастыру мен дамытудағы қадамдарын, стратегиялық бағдарламаларын, бейбітшілік пен келісім саясатын өнеге етудің ерен үлгісі болғалы отыр. Экспедицияның, әсіресе, жастар үшін берері мол. Себебі Тұңғыш Президенттің қайраткерлік жолы, тағылымды өмірбаяны – Отанға, ел мен жерге қалтқысыз қызмет етудің жарқын үлгісі, - деген А. Баталов экспедицияға жұмысына сәттілік тіледі.

 

Мұнан соң ҚХА Төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев сөз алып, тәуелсіз Қазақстан тарихындағы Елбасы рөлін ерекше атап өтіп, ел жетістіктеріндегі еңбегіне айрықша тоқталды. Сол сияқты бүгінгі экспедицияның маңызын түсіндірді.

 

- Алдағы жылда ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы келе жатыр. Осы жылдар ішінде Қазақстан Елбасымыздың кемел көшбасшылығымен ғасырға бергісіз дәуірді өткерді. Жаңа формацияға көшті, БҰҰ мүшесі болды, азат мемлекет ретінде әлемге танылды. Осы баға жетпес еңбек пен ерлікті қастерлеу біліп, оның мәні мен маңызын ұрпақтан ұрпаққа жеткізуіміз керек. Осы орайда «Тұңғыш Президент жолымен» атты экспедицияны бастадық және оны Елбасымыздың кіндік қаны тамған Жетісудан, Үшқоңырдың баурайынан бастап отырмыз. Елбасыдай ұлы тұлғаны өмірге әкелген Жетісу жері әрі бақытты, әрі бай деп есептеймін, - деді Ж. Түймебаев.

 

Келесі кезекте Парламент Сенатының депутаты Ләззат Сүлейменова мінбеге шығып: «Тұңғыш Президент жолы тәуелсіздік жолы, қазақстандықтардың ортақ жолы және ол әрқайсымыздың жолымыз», - деп атап өтті. Сол сияқты осы жиында Елбасының сыныптасы, еңбек ардагері Едіген Жүнісбеков Елбасының балалық шағынан естеліктер айтса, Ассамблея мүшелері Атсалим Идигов, Наталия Хоменко, Роза Абилова Елбасымен жүздескен, тілдескен толқынысты сәттерін ыстық ықыласпен еске алды. Ал балқар ұлтының өкілі Фаризат Хаджиеваның естелігі ерекше тебіреністі болды. Ол Жетісу өңіріне тағдыр талайымен келген өз бабаларына Әбіш атаның қалай қамқорлық көрсеткенін әсерлі әңгімелеп берді. Тар заманда тарығып келген әулеттің басына баспана, алдына мал салып, барымен бөліскен Әбіш атаның қамқорлығын бүгінгі Хаджиевтардың ұрпақтары жадында сақтап келеді және айтар алғысы шексіз.

 

Салтанатты шараның соңына қарай экспедия символдары - ту мен күнделік экспедиция эстафетасын қабылдайтын Қарағанды облысының өкілдеріне ресми түрде табысталды.

 

Жалпы осы шарада Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның, «Құлансаз», «Сүйінбай сазы», «Талдықорған əуендері» ансамбльдерінің жəне «Үшқоңыр» квартетінің әншілері патриоттық рухтағы əндер орындап, «Алтынай», «Ачимноуль» би ұжымдары өнер көрсетті.

 

Осы күні қонақтар Шамалған ауылындағы Тұңғыш Президент – Елбасының «Атамекен» тарихи-мәдени орталығын аралап, ондағы Елбасы қызметіне байланысты танымдық мәліметтермен танысты.

 

Сондай-ақ «Анаға құрмет» музейі мен «Батыр бабалар» мемориалды кешенінде де болды.

дереккөз: https://www.zhetysu.gov.kz»