"Айына 42 500 доллар береді". Қазақстандықтарды Араб Әмірліктеріне шақырған видео тарады
Главные вкладки
Желіде қазақстандықтарды Араб Әмірліктеріне шақырып, сол үшін 5 миллион доллар беретіні айтылған видео тарады. Халық арасында шу шыққан соң ролик авторлары оның әзіл екенін айтып, кешірім сұрады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Видео авторлары КТК телеарнасының сюжетіне ұқсатып жасаған. Онда қазақстандықтарды Араб Әмірліктеріне көшіру мәселесі талқыланып жатқанын, көшіп барған әр адамға 5 миллион доллар берілетіні айтылады.
Видео кадры
Кейін "сюжетте" Қазақстаннан алғашқы адам Араб Әмірліктеріне көшіп барғаны айтылады, оған ай сайын 42 500 доллардан берілетіні хабарланған. Видео мына сілтемеге өтіп қарауға болады.
Видео кадры
Видео желіде тарағаннан кейін роликтегі ақпараттарға сенгендер көп.
"Қазақты бөліп жатқаны ма?", "Ішкен құдығына түкіріп кетті", "Халық арасында іріткі болады енді", - дейді пікір білдіргендер.
Кейін ролик авторларының кешірім сұраған видеосы шықты.
"Видеоны түсіру барысында біреудің намысына тию немесе халық арасында басқаша ой түйдіру деген мақсат болған жоқ. Тек әзіл үшін, өзіміздің парақшамызға салу үшін түсірдік. Бұлай тарап кететінін, біреуге зияны тиетінін білген жоқпыз. Біреудің намысына тисек, кешірім сұраймыз", - дейді видео авторы.
Заңгер Думан Көпбаевтың айтуынша, ролик авторларының әрекетінде қылмыс құрамы жоқ.
"Бұл видео бойынша жігіттерді айыптауға келмейді. Бұл жерде қылмыс құрамы жоқ. Қылмыстың объектив, субъектив құрамы, нақты бабы болуы керек. Видео авторларын халық арасына іріткі салды деуге келмейді. "Араб Әмірліктеріне келгендерге азаматтық пен 5 миллион теңгеден береді" деп жатыр. Бұл жерде Қылмыстық кодекс бойынша іріткі салу бабының құрамы жоқ. Егер видео авторлары "Қазақстандықтар, бірігіңдер, біреуге қарсы шығыңдар" деп шақырса, ол іріткі салу болып саналады. Қай қалада, қай елде тұратыны - әр адамның конституциялық құқығы. Бұл жерде жігіттер тек фейк-видео түсіріп отыр", - дейді Думан Көпбаев.