Алматы облысында жайылымнан жылқыларды ұрлады деген күдікпен екі адам ұсталды

Главные вкладки

янв 26, 2021 / 0 комментарии

Алматы облысының полицейлері Ұйғыр ауданының 43 жастағы тұрғынына тиесілі екі жылқыны жайылымнан ұрлады деген күдікпен екі адамды ұстады. Бұлтартпас айғақтардан кейін күдіктілердің екеуі де қылмыстарын мойындады.

– Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен Көксу ауданының 32 жастағы және Ұйғыр ауданының 35 жастағы тұрғындары ұсталды. Олардың жайылымда жүрген жылқыларды мылтықпен атып, сол жерде сойып алғаны анықталды. Күдіктілерден қылмыс құралы болған қару, екі автокөлік және жылқылардың еті тәркіленді. Өзге ақпарат тергеу құпиялығына байланысты таратылмайды, –  деді Ұйғыр ауданы полиция бөлімінің бастығы Шыңғыс Сабуров.

Ведомство басшысының ақпаратына сәйкес, күдіктілердің бірі ұрланған малдың етін облыс орталығына сату мақсатында келе жатқан жолда қолға түскен. Мал ұрлығының алдын алу мақсатында Алматы облысында мал және ет өнімдерін тасымалдауға қажетті құжаттарды тексеру тәртібі қатаңдатылғанын хабарлағанбыз.

– Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1-бабына (Мал ұрлығы) сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Олардың осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде, – деп толықтырды Шыңғыс Сабуров.