Антикор мемлекеттік қызметкерлерді халыққа жақын болуға шақырды
Главные вкладки
Ақмола облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев бейнеконференцбайланыс арқылы Көкшетау қаласының әкімі Амангелді Смайыловпен, сондай-ақ қалалық әкімдіктің құрылымдық бөлімшелерінің басшылығымен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша кеңес өткізді.
Онлайн-кездесу барысында Департамент басшылығы Мемлекет Басшысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша жақында өткен кеңесте белгілеген тапсырмаларын түсіндірді.
«Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кеңесте сөйлеген сөзінде сыбайлас жемқорлықтың себептері мен жағдайларын жоюға ерекше назар аударды. Осы орайда, сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеу, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сапалы және уақтылы ішкі талдау жүргізу, бюджетті мақсатты пайдалану, жұртшылықпен тиімді өзара іс - қимыл жасау және мемлекеттік органдардың қызметінде ашықтықты қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты күшейту қажет», - деп атап өтті Мұрат Төлеубаев.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өткізілген кеңесте ел Президенті сыбайлас жемқорлыққа қарсы лайықты бастамалары жоқ басшыларды, оның ішінде жергілікті атқарушы органдардың басшыларын хабардар етуді тапсырды. Осыған байланысты, Департамент басшысы өз мекемелерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды қабылдамағаны үшін бірінші басшылардың дербес жауапкершілігін еске салды.
«Мемлекеттік органдар халықпен тікелей және адал диалог жүргізіп, ашық және есеп беретін болуы тиіс, сонда ғана азаматтардың мемлекетке деген толық сенімі қамтамасыз етіледі. Мемлекеттік мекемелердің ашықтығы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі негізгі пәрменді алдын алу шараларының бірі болып табылады», - деп толықтырды облыс Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы.
Өз кезегінде қала әкімі сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа «мүлдем төзбеушілікті» қалыптастыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
«Біз мемлекеттік органдардың азаматтар үшін ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету, мемлекеттік қызметтерді алу кезінде әкімшілік кедергілерді жою бойынша тиісті жұмыстар жүргізуде. Қалалық әкімдік ғимаратының бірінші қабатында әлеуметтік маңызды қызметтерді ұсынатын құрылымдық бөлімшелер ашық жұмыс алаңы орналасқан. Бұдан басқа, жақын арада тұрғындарымызға жылдам әрі ыңғайлы қызмет көрсету, сондай - ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мақсатында қосымша «Ашық әкімдік» құру жоспарлануда», - деді Амангелді Смайылов.