Арбаға таңылған жандар аудандық поштаға кіре алмай жүр
Главные вкладки
Тағдыр тауқыметін тартып, арбаға таңылған жандар Қарасай аудандық пошта ғимаратына кіре алмай жүр, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі.
Жалпы, халық көп баратын маңызды мекемелердің бірі поштада пандус істемей тұрғанын осыдан бір ай бұрын редакция тілшілері мүмкіндігі шектеулі жандармен жүргізген тексеріс барысында байқаған еді.
Бұл кезде мекеме басшысы Ұлықбек Нағашыбекұлы олқылықтың орынын санаулы күнде толтырамын деп, уәде берген болатын.
Алайда, уәденің сол жерде қалып қойғаны ма, әлде, қандай да бір әрекет қолға алынса да берекетін көрсетпегені ме, әйтеуір, мекемедегі мүгедектерге арналған есік әлі де ашылмапты. Оған тілшілеріміз далада арбада отырған азаматты байқап, қасына барып мән жайды сұрап, көз жеткізген.
І топтағы мүгедек, Елдар есімді ер адам пандустың істен шыққаны салдарынан далада отырғанын айтты. Өзі өзге қаладан келіпті. Шұғыл ақшасын пошта арқылы ала қойғысы келген. Өзі сыртта қалса да, қасындағы туысқанын ішке жұмсап, мән-жайды білуді сұрауды мәжбүр болған. Өйткені, тіптен, пандус жөнделгенше мүгедектердің жайын бақылауға алған арнайы маман да жоқ екен мұнда.
Артынша белгілі болғандай, Қарасай ауданында тіркеуі жоқтықтан, кейіпкеріміз құр қол қайтуға мәжбүр болды. Яғни, ол ғимарат сыртында жарты сағаттай босқа отырған.
Осы мәселеге қатысты біз пошта басшысы Ұлықбек Нағашыбекұлына хабарласып, мән-жайды түсіндіруді өтіндік. Өзім дәл қазір Талдықорғанда іссапарда жүрмін, қазір орынбасарым шығып сұхбат береді деп басшы қысқа қайырды. Алайда сол күйі орынбасары да, басқасы да кабинеттерінен сол күйі шықпады. Есесіне, келесі күні редакциямызға әкімшілік атынан пошта қызметкері Сапаргүл Атакузиева келіп, біз көтерген мәселеге қатысты жауап берді.
Қызметкердің айтуынша, пандус бойынша облыстық басқармаға сұраныс хат жолданған. Дегенмен, әлі нәтиже байқалмағаны айтпаса да түсінікті. Түсінбегеніміз, пошта басшылығының бұл үлкен мәселеге жеткілікті көңіл бөле алмағандығы қалай? Себебі, осы Ербол сынды қанша азамат пошта есігі сыртынан қайтып жатқанын кім білсін?
Бұл туралы бейнематериалды Kaskelenkz ютубарнасынан көре аласыздар.