"Атып тастаймыз деп қорқытты": Алматы облысында ерлі-зайыпты аяусыз соққыға жығылды
Главные вкладки
Алматы қаласының маңында ерлі-зайыптылар аяусыз соққыға жығылды. Зардап шегушілер медициналық көмекке жүгінуге мәжбүр болған. Қоғамдық резонанс тудырған бұл жайтқа қатысты Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі пікір білдірді. Үш бірдей күдікті полиция бөліміне жеткізілген деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ерлі-зайыптылардың соққыға жығылғандығы туралы видео әлеуметтік желіде тарап жатыр. Оқиға 2 маусым күні таңғы уақытта Жамбыл ауданының Қасымбек ауылында болған.
"Таңертең отбасым жұмысқа шығып бара жатқанда, қақпаның маңында мас жігіттің дәрет сындырып жатқанын көріп, оған ескерту жасаған. Ол балағат сөз жаудырып, итеріп, арандата бастаған.
Содан кейін әкем көліктен түскен, үш жігіт оны ұра бастаған. Содан кейін менің анам араша түскен, анамды да соққыға жығып, атып тастаймыз деп қорқытқан, олардың барлығы мас болған. Салдарынан әкемнің миы шайқалып, басы жарылды, анамның да миы шайқалып, ернінен жарақат алды. Арыз жаздық, бірақ олардың бірі ағасы органдарда жұмыс істейтінін айтып, қоқан-лоққы көрсете бастады", - деп жазған видео авторы.
Алматы облысының полиция департаменті күдіктілер анықталып, полиция бөліміне жеткізілгенін хабарлады. Оларға қатысты Қылмыстық кодекстің 293 бабы, 2-бөлігі (Бұзақылық) бойынша қылмыстық іс қозғалған.
"Тексеру кезінде 22-24 жастағы үш жергілікті тұрғын ұсталды. Бұл факт сот алды тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Жәбірленушілерге алған жарақаттардың ауырлығын анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама тағайындалды. Сараптамалық зерттеу нәтижелерін алғаннан кейін іс бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады", - дейді полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полиция дерегіне сәйкес, медициналық сараптама ұсталған үш адамның екеуі шынымен де мас күйде болғанын көрсеткен.
Сонымен қатар, облыстық денсаулық сақтау басқармасы 2 маусымда 1963 жылғы әйелдің жабық бас-ми жарақаты, мидың шайқалуы, іші мен ернінің жұмсақ тіндерінің жарақаттануы диагнозымен Қарғалы аудандық ауруханасына түскенін хабарлады.