Ашық аспан астындағы "Шебер қолдар" көрмесі
Главные вкладки
Бүгін аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен мектеп мұғалімдерінің «Шебер қолдар» көрмесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі.
Аудандық тарихи-өлкетану музейінде өткен шараға аудандағы 48 мектептің ұстаздары мен оқушылары қатысып, ұлттық қолөнерімізді дәріптеді. Елбасының «Рухани жаңғыру» мен «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары аясында өткен бұл көрменін мақсаты оқушылардың өз еліне, жеріне, туған халқына деген сүйіспеншілік сезімін арттыру, халқымыздың салт-дәстүрі мен мәдениетін дамыту екенін атап өтті ұйымдастырушылар.
Бұл көрмеде бейнелеу өнерінің натюрморт, пейзаж, портрет сынды жанрларында салынған жұмыстар қойылған. Туындыларда авторлардың жүрек жылуы мен елге деген махаббаты, егемендік жылдарындағы еліміздің толағай жетістіктері кеңінен бейнеленген. Шебер ұстаздардың кестелеу, тоқу, тері, ағаш, металл өңдеу техникаларын қолдану арқылы және киізден жасаған шығармашылық жұмыстары жиналғандарды тәнті етті.
Ашық аспан астындағы бұл игі шарада бас қосқандар тарапынан ұлттық құндылықтарымыз, тарихымыз жайлы көптеген өнегелі әңгімелер де айтылып, он саусағынан өнер тамған мұғалімдер мен жасөспірімдер өзара тәжірибе алмасты. Ал, өз кезектерінде аудандық білім бөлімінің өкілдері бұл көрме қарасайлық педагогтардың тынымсыз еңбегінің айғағы, оқушылармен жүргізетін жүйелі жұмыстарының жемісі екенін де әңгіме арқауына айналдырды.