Болашақта Қаскелеңнің бас жоспары өзгеріп, саябақ жасалады
Главные вкладки
Бүгін Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев Қаскелең қаласының тұрғындарымен есепті-кездесу өткізді.
Абай атындағы орта мектеп-гимназиясының жиынжайында өткен кездесуге жергілікті атқарушы орган өкілдерімен қатар, Алматы облыстық сәулет және қалақұрылысы басқармасының басшысы Д.Нұржанов та қатысып отырды.
Әдеттегідей, күн тәртібіне сәйкес, аудан әкімі Жандарбек Ермекұлы аудан көлемінде өткен жылы атқарылған жұмыстар мен алда атқарылатын ауқымды істер қамтылған баяндама жасады. Содан соң, алдын ала жарыссөзге жазылғандар шығып, қала әкіміне және аудан басшысына игі еңбектері үшін алғыс айтып, есепке қанағаттанарлық бағаларын берді.
Бір қызығы – қатысып отырған тұрғындар тарапынан ешқандай әлеуметтік тақырыптағы сұрақтар аудан басшысына жолданған жоқ. Оған таңданыс білдірген Жандарбек Ермекұлы аудандағы кейбір проблемаларды, шешімін таппай тұрған мәселелерді өзі алға тартып, болашақта қандай жақсы өзгерістер күтіп тұрғандығын жеткізді.
Атап айтқанда, аудан әкімі үш ауысымдық мектептерді жойып, Қаскелең қаласының бас жоспары толығымен өзгеріс енгізу алда тұрған маңызды шаруалардың бірі екенін сөз етті. Басқа да әлеуметтік мәселелер жіті назарда тұрғанын айтқан Ж.Далабаев қала көркін арттыруға, тазалығын сақтауға әр отбасы өзіндік үлесін қосуы керектігін де әңгіме арқауына айналдырды. Бұдан бөлек, алдағы жылдары қалада үлкенге де кішіге де демалу үшін барлық жағдай жасалған саябақ жасау жоспарда бар көрінеді. Сонымен қатар, болашақта орталық алаңдағы Қарасай батырға арналған ескерткіш жаңаланып, қайта тұрғызылатынын мәлімдеп, басқа да басшыларды, округ әкімдерін халықпен жақын әрі жақын болуға шақырды.