Борышкерлер жол бойында анықталуда
Главные вкладки
Алматы облысы аумағында «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде.
Сот орындаушылары, полиция мен салық басқармасы қызметкерлері бірігіп, айыппұл, алимент, банк алдындағы берешек, салық пен басқа да бюджетке төленетін төлемдерден жалтарып жүрген азаматтарды жол бойында анықтауда.
Аталған іс-шара Қарасай ауданы бойынша Алматы-Бішкек тас жолының 19-шы шақырымындағы бөлігінде жүзеге асырылуда.
Тәртіп сақшылары көлік тізгіндегендерді тоқтатып, кейіннен сот орындаушылары арнайы құрылғылар арқылы борышкерлерді анықтап жатыр. Жеке сот орындаушы Бақыт Бекмұрзаевтың сөзінше, үш күн ішінде қарыз арқалаған азаматтар анықталып, 800 мың теңге көлемінде мемлекет пайдасына өндірілген, сондай-ақ бес көлік айыппұл тұрағына қойылған.
Борышкерлерді анықтауға бағытталған жедел-профилактикалық іс-шара 12-18 ақпан аралығында өтеді.