Елбасының құрметіне тағы бір ескерткіш қойылды

Главные вкладки

июл 03, 2021 / 0 комментарии

Түркістанда да еліміздің тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ескерткіш қойылды деп хабарлайды Kaskelen.kz тілшісі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Еңселі ескерткіштің биіктігі – 4 метр, тұтастай қоладан құйылған мүсіннің авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайтарткері, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Тілеуберді Бинаш. Ескерткіш Елбасының егіс алқабында түскен фотосуретіне қарап жасалған. Автор Елбасының Қаратау жазығында шексіз далаға байыппен қараған сәтін суреттеген. 

Әкімдіктің хабарлауынша, Нұрсұлтан Назарбаевқа ескерткіш қою туралы бастаманы кәсіпкер Болатбек Алиев көтеріп, аталған идеяға түркістандық ардагер-ақсақалдар, зиялы қауым өкілдері, мәслихат депутаттары мен кәсіпкерлер, қоғамдық ұйым өкілдері қолдау білдірген. Облыс әкіміне үндеу жазған тұрғындардың өтініш-тілектері Орталық мемлекеттік органдар келісімімен жүзеге асқан. Бұдан бөлек, Түркістан қаласының әкімдігі тарапынан аталған бастамаға қатысты жергілікті тұрғындар арасында сауалнама жүргізілген. Сауалнамаға 1000 респондент қатысып, олардың 93% бастаманы қолдайтындарын білдірсе, респонденттердің 4,5% қарсы, 2,5% бейтарап позицияны ұстанған. Ескерткіш демеушінің қаржысына қойылған және оның салтанатты ашылуына еліміздің танымал тұлғалары қатысты. Шарада сөз алған "Ардагерлер ұйымы" республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев осындай елеулі сәттің куәсі болғанына қуанышты екенін жеткізді.

"Түркістан өңірінің халқының өтінішімен, кәсіпкерлердің бастамасымен көне шаһарға жаңа леп әкелген, түркі интеграциясының іске асыру идеясына мұрындық болған, Түркістанға тарихи мәртебесін қайтарған Елбасының ерен еңбегін жоғары бағалай отырып, облыс орталығы Түркістанда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ескерткіші ашылды. Бұл – тәуелсіз елдің шекарасын шегендеп, Қазақ елінде тыныштық пен берекені негіз еткен Елбасына алғыс ретінде және түркі елдерінің басын қосуға мүдделі болған түркі әлемінің дана ақсақалына деген ерекше құрмет", – дейді қоғам қайраткері.